Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары қашан аяқталады

Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары қашан аяқталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазіргі уақытта жұмыстардың жартысына жуығы орындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Асайын Байханов аталмыш мәселе бойынша жиналыс өткізді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаны аяқтауға қажетті қаржы заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару есебінен қалыптастырылған Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Үкіметі бұл мақсатқа 9,3 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдаған.

– Қаражат арнайы есепшотқа түсті, барлық келісім-шарттар жасалып, қазынашылық органдарында тіркелді. Осы қаражаттың есебінен жобаны іске асыру қарқынын арттырып, жұмыстарды 2026 жылдың шілде айында толық аяқтау жоспарланып отыр, – деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін нысанды 2025 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған еді. Алайда жобаның қалған бөлігін қаржыландыру қажеттілігіне байланысты мерзім кейінге шегерілді.

Әкімдіктің мәліметінше, қайта жаңарту жобасы ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтуді, қозғалыс жолдары мен әуежай перронын қалпына келтіруді, сондай-ақ заманауи жарықтандыру, бейнебақылау және дренаж жүйелерін орнатуды қамтиды. Жұмыстар әуеайлақтың сәйкестік сертификатын сақтау мақсатында жүргізілуде.

Жобаның жалпы құны – 16,4 миллиард теңге. Бас мердігер – «Kyrylys Group RK» ЖШС.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстардың 47 пайызы орындалған.

– Аумағы 178 мың шаршы метр асфальт-бетон жабынды фрезерленді, жер жұмыстары мен дренаж жүйесін орнату аяқталды. Ұзындығы 16,2 шақырым қоршаудың 95 пайызы орнатылды. Қазір жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін орнату жалғасуда. Мердігер ұйым 1,4 миллиард теңгеден астам сомаға материалдар мен жабдықтар сатып алды, 35 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізілді, қуаттылығы сағатына 240 тонна асфальт-бетон зауыты орнатылды, – делінген хабарламада.

Аймақ басшысы Асайын Байханов әуежайдың ұшу-қону жолағын жаңарту өңір үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтті.

– Жаңартылған ұшу-қону жолағы ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әртүрлі санаттағы әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру инвестиция тартуға және әуе рейстерінің бағытын ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұл өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың маңызды кезеңі болады, – деді аймақ басшысы.

Жиналыс қорытындысы бойынша Асайын Байханов мердігер мен жауапты басқармаларға жұмыстардың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.