Павлодарда университет базасында тергеу-криминалистикалық полигоны ашылды (ВИДЕО)

Павлодарда университет базасында тергеу-криминалистикалық полигоны ашылды (ВИДЕО)

Павлодар облыстық полиция департаменті мен Торайғыров Университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу бөлімшелерінің құрылғанына 60 жыл толуы қарсаңында жоғары оқу орны базасында облыстық полиция ведомствосы университет басшылығымен бірлесіп, тергеу-криминалистикалық полигонын ашты.  

Іс-шараға ПД бастығы Василий Скляр, ректор Еркін Садықов, экономика және құқық факультетінің деканы Юрий Колесников, прокуратура өкілдері мен университет студенттері қатысты. 

– Мұнда студенттер криминалистика дағдыларын, оқиға болған жерді қарау кезіндегі мінез-құлық ережелерін, қылмыстардың жекелеген түрлерін тергеу тактикасы мен әдістемесін үйреніп, нақты өмірлік жағдайларды неғұрлым егжей-тегжейлі модельдеуді қолдана алады. Университет басшылығына көп жылдық ынтымақтастық пен дипломы бар мамандарды дайындағаны үшін алғысымды білдіргім келеді, – деді Василий Скляр құттықтау сөзінде. 

Облыстық ПД бастығының орынбасары Рашад Өтеуов полигонда бірнеше негізгі орындар қарастырылғанын атап өтті: пәтер және оқу кабинеті. Барлық орындар қажетті жиһаздармен, манекендермен және декорациялармен, сондай-ақ заманауи мультимедиялық жабдықтармен, техникалық-криминалистикалық құралдармен және әдістемелік әдебиеттермен жабдықталған. Орынжайлардағы жағдайлар оқиға орнын тексеру бойынша практикалық сабақтар өткізуге мүмкіндік береді. Криминалистикалық полигонда өткізілетін практикалық сабақтар теориялық білімді шегелеп, дұрыс дағдыларды қалыптастыру мақсатын көздейді. 

Студенттерге профилактикалық бейнероликтер көрсетілді, ал қатысушыларға криминалистикалық полигон мен сот отырысы залының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, студенттер дайындаған «Сот жүріп жатыр» сюжеттік-рөлдік ойыны ойнатылды. 

Шеберлік сабағын жедел-криминалистикалық басқарманың криминалисі Юрий Духновский де өткізді. Іс-шара соңында көпжылдық ынтымақтастық үшін университет басшылығы полиция департаменті атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Өз кезегінде білім ошағының басшылығы іс-шараға қатысушыларға мазмұнды кездесу үшін алғыс білдіріп, бұл шараның студенттер үшін маңызды екенін атап өтті.