Павлодарда заңсыз вейп сатумен айналысқан топ қайтадан әшкереленді
Қазіргі таңда тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық өнеркәсіптік аймағында «Түтінсіз темекі және никотин өнімдерін заңсыз сату мен тарату» акциясы ұйымдастырылды. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, былтыр жазда алғаш рет осындай іс-шара өткізілген. Сол кезде бірқатар тінту жұмыстары жүргізіліп, заңсыз өнімдер тәркіленген. Кейін анықталғандай, бұл адамдар өз қызметін жалғастырып, вейп өнімдерін сата берген. Осыған байланысты қосымша жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, тағы бір қойма табылған. Тінту барысында заңсыз өнімнің кезекті партиясы тәркіленіп алынды.
– Қазіргі уақытта 15 күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы бойынша айып тағылып, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Жойылатын өнімдердің жалпы құны 315 миллион теңгеден асады, 45 мыңнан астам электронды темекі мен сұйықтықтар және 28 қорап темекі бөлшектелді.
– Вейптер мен никотин өнімдерін заңсыз әкелу және сату фактілері еліміздің барлық өңірлерінде анықталуда. Дегенмен, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде заңсыз жарнама ұйымдастыратындар басылар емес, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Барлық тәркіленген өнімдер «KazAgroProm» кәсіпорнында жойылды.
– Алдымен өнімдер қолмен бөлшектенді – аккумуляторлар, пластик корпустар және сұйықтықтар жеке-жеке бөлінеді. Пластик ұсақталып, арнайы шредер арқылы өңделіп, қайта пайдалануға жарамды шикізатқа айналады. Ал аккумуляторлар мен сұйықтықтар арнайы қауіпсіз технология бойынша жойылады. Бұл экологияға зиян келтірмеу үшін жасалып отыр, – деді «KazAgroProm» пластик және аккумулятор қалдықтарын қайта өңдеу және утилизациялау директоры Данияр Тоқтаров.
Акция барысына студенттер мен жастар өкілдері де қатысып, өз әсерлерімен бөлісті.
– Мұндай акциялар өте қажет. Өйткені вейптерді бүгінде мектеп оқушылары да пайдаланып жүр. Бұл – үлкен қауіп. Денсаулыққа зияны көп, сондықтан мұндай өнімдерді жою –дұрыс шешім, – деді Торайғыров университетінің екінші курс студенті Дарья Шарупич.
Департамент өкілдері жастар арасында дәрістер мен профилактикалық кездесулерді тұрақты түрде өткізіп келеді. Мектептер мен колледждерде никотин өнімдерінің зияны мен заңсыз айналымы туралы түсіндіру сабақтары ұйымдастырылуда.
Барлық өнімдер прокурордың санкциясымен, сотқа дейінгі тергеу шеңберінде және экологиялық нормаларға сай жойылды.