Павлодарда жүзден астам оқушы «Ақберен» байқауында бақ сынады

Павлодарда жүзден астам оқушы «Ақберен» байқауында бақ сынады
Фото: білім бөлімінен

Республикалық байқаудың қалалық кезеңіне облыс орталығындағы 32 жалпы білім беретін мектептің 8-11 сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, «Павлодар дарыны» бос уақытты  қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығымен бірлесіп, «Ақберен» республикалық байқауының қалалық кезеңі  өткізілді. 

- Байқаудың мақсаты - шығармашылық қабілеттерін, гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласындағы, поэзия жазудағы қызметін қолдау, сөйлеуді, шешендік шеберлікті, музыкалық қабілеттерді дамытуға ықпал ету, - делінген хабарламада.

Байқауға қаланың 32 жалпы білім беретін мектебінің 8-11 сынып оқушыларынан 117 бала алты номинация бойынша білімдерін сынап көрді. Байқау қорытындысы бойынша 55 қатысушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде I орынға - 7 , II орынға - 16, III орынға - 32 оқушы ие болды.

Мұнда «Шешендік, бірлік сайысы» номинациясында №38 мектептің 8-сынып оқушысы Мөлдір Мұратбек, «Көркем сөз оқу» аталымында Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Амина Хамитова, "Эссе жазуда" №24 мектептің 10-сынып оқушысы Назерке Жұмағұлова, «Ұлттық аспапта ойнауда» I орынды №17 мектепің 9-сынып оқушысы Ерсұлтан Қараканов, № 35 мектептен Аружан Саденова, «Ақындар айтысында» Қ.Бекхожин  атындағы 10-сынып оқушысы Мұрат Заңғар және «Ақындар мүшайрасы» аталымында №17 мектептің 10-сынып оқушысы Әмірхан Туғанбай І орынды иеленді. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласының білім бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Қатысушылар «Павлодар дарыны» орталығының сертификаттарымен марапатталды. Бірінші орын алған қатысушылар конкурстың облыстық кезеңіне қатысады.