Павлодарда жаңа мектептің құрылысында заңсыз еңбек еткен шетел азаматтары ұсталды

Жұмыс берушіге әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
19 тамызда Павлодар қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің жеке құрамы жаңа мектептің құрылысында қара жұмысшы ретінде еңбек қызметін атқарған шетел азаматтарын ұстады.
Тексеру барысында шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігі бойынша («Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасындағы құқықтық жағдайы туралы заңнамасын бұзуы») әкімшілік іс қозғалады.
Сонымен қатар, шетелдік жұмысшыларды заңсыз еңбек қызметіне тартқан жұмыс берушіге қатысты ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігі («Қазақстан Республикасында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды заңнаманы бұза отырып еңбекке тарту») бойынша әкімшілік іс қозғалады.
Полиция көші-қон заңнамасын сақтау шетел азаматтарының да, жұмыс берушілердің де міндеті екенін еске салады. Оны бұзғаны үшін заңда әкімшілік жауапкершілік көзделген.