Павлодарда жалған нөмір таққан астаналық жүргізуші енді көлік тізгіндей алмайды
Көлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Патрульдеу барысында «Павлодар–Қызылорда» автожолының 171-шақырымында Toyota Vellfire маркалы автокөлік тоқтатылды. Тексеру кезінде көлік иесінің өзіне тиесілі емес, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланғаны анықталды.
– Автокөлікке тіркелмеген нөмірлік белгі орнатылғаны белгілі болды. Рөлде Астананың 37 жастағы тұрғыны отырды. Көлік айып тұрағына қойылды, жалған нөмірлік белгі тәркіленді. Көрінеу жалған нөмірді пайдаланғаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал сотқа жолданып, қаулы бойынша жүргізуші бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – деді облыстық полиция департаментінде.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде патрульдік полиция ротасы қызметкерлері жүргізушілердің жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін қолдануына қатысты 21 фактіні анықтады.
Полиция жалған нөмірлерді пайдаланудың – заңды өрескел бұзу екенін, ол үшін әкімшілік, ал кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.