Павлодарда жас альпинистер мен экологтарға қолдау күшейді

Павлодарда жас альпинистер мен экологтарға қолдау күшейді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығындағы құзға өрмелеу алаңы заманауи жабдықпен жаңартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қалалық балалар мен жасөспірімдердің экология және туризм орталығына барғанда мәлімдеді. 

– Орталықта 500-ден астам жасөспірім құзға өрмелеумен тұрақты айналысады. Республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Павлодардың намысын абыроймен қорғап жүр. Сондықтан олардың сапалы жаттығуына қолайлы жағдай жасау – біздің міндетіміз, - деді аймақ басшысы.

Қала әкімі биыл жастардың құзға өрмелеу алаңына заманауи құрал-жабдық сатып алып, оны мүмкіндігінше қысқа мерзімде орнатуды тапсырды.

Сонымен қатар, Хасар Хабылбеков жас экологтардың еңбегіне де асқан қызығушылық танытты. Олар гүлдің 50-ден астам түрін өсіріп, өсімдіктерді күтіп-баптайды және көгалдандырудың заманауи тәсілдерін қолданады. Бұл жұмыстың пайдасын қала деңгейінде көру үшін Павлодардағы жасыл желекті күтіп-ұстау жұмыстарында осы тәжірибені қолдану мүмкіндігін зерделеуді тапсырды. 

Айта кетелік, келесі жылдан бастап орталық тәрбиеленушілері өсірген гүлдердің бір бөлігі облыс орталығындағы гүлзарларды көріктендірмек. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылатын болады.