Павлодарда жас кәсіпкерлер «Арбат-2023» көрмесінде өз өнімдерін ұсынды (ФОТО)
Көрмеде қолөнер шеберлері жасаған түрлі бұйымдар қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының мәліметінше, жағалаудың жоғарғы бөлігінде ұйымдастырылған «Арбат-2023» жазғы жастар көрмесінің мақсаты – жас кәсіпкерлерді қолдау.
– «Арбат-2023» қолөнершілер жәрмеңкесі қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер дәстүрлерін сақтауға ықпал етеді. Сондай-ақ қала тұрғындарын шығармашылықтың таңғажайып әлемімен танысып, өздеріне ұнайтын заттарды алуға мүмкіндік береді, – дейді ұйымдастырушылар.
Келушілердің назарына қолөнершілердің түрлі ұлттық туындылары, сондай-ақ қолданбалы өнер мен қолмен жасалған үлгілері ұсынылды. Оның ішінде қыз-келіншектерге арналған зергерлік бұйымдар, ою-өрнекпен безендірілген, қазіргі күні жастар арасында трендке айналған тақиялар, түрлі мультфильм кейіпкерлерінің суреттері салынған тәтті печеньелер бар.