Павлодарда жасанды мөртаңба жасатқан Тәжікстан азаматы ұсталды

Павлодарда жасанды мөртаңба жасатқан Тәжікстан азаматы ұсталды
Фото: Константин Шелков

Ер адам Шымкент – Барнаул бағыты бойынша бара жатқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

 ҚР ҰҚК  Шекара қызметінің Павлодар облысы бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жалған құжат жасатқан Тәжікстан азаматын «Шарбақты» өткізу пунктінде «Құжаттар мен түлғаларды тексеру» бойынша шекара наряды анықтады. 

– Аталған азамат Шымкент – Барнаул бағыты бойынша бара жатқан. Бақылаушының кәсіби көзқарасы оның құжатында 2022 жылғы ақпанында «Жібек жолы» өткізу пунктінің кіру және шығу мөртаңбаларының жасанды белгілерін анықтады. Тәртіп бұзушы ҚР мемлекеттік шекарасынан өткізілген жоқ, құжат тәркіленді, – делінген хабарламада.

Жалған ресми құжатты пайдалану фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес,  соттың үкімі шыққанға дейін адам қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.