Павлодарда жастарды қылмыстық ортадан қорғауда отбасының рөлі ерекше
Сенім мен қолдау қауіпті қадамның алдын алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда отбасы мен қоғамның ықпалына ерекше мән беріліп отыр. Мамандар жасөспіріммен сенімді қарым-қатынас орнату, оның мәселесін тыңдау және күмәнді жағдайларды жақындарынан жасырмауға үйрету маңызды екенін атап өтті.
Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Тимиргалиева ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне тоқталды.
– Алдын алу жұмысы тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл бағытта отбасы, мектеп және қоғамның өзара байланысы қажет. Жасөспірім қандай да бір қиындыққа тап болғанда, оны ата-анасынан жасырмай, айтуы маңызды, – деді Ирина Тимиргалиева.
Аға жедел уәкілінің сөзінше, жастардың күмәнді ұсыныстарға қызығуына материалдық қажеттілік себеп болуы мүмкін. Қымбат гаджет, сәнді киім немесе басқа да заттарға қол жеткізуді қалаған жасөспірім тез табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сеніп қалуы ықтимал.
– Балаға ақшаның тек заңды жолмен табылуы керектігін түсіндіру қажет. Отбасындағы сенім мен өзара түсіністік кез келген материалдық құндылықтан маңызды, – деді маман.
Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарында түсіндіру шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Оқушыларға заң бұзудың салдары, жауапкершілік түрлері және қауіптің алдын алу жолдары түсіндіріледі.
Өңірде ақпараттық жұмыстарға арналған «Павлодар – есірткісіз қала» WhatsApp және Telegram арналары жұмыс істейді. Бұл платформаларда салауатты өмір салтын насихаттайтын, құқықтық сауаттылықты арттыратын және жастардың өмірлік тәжірибесін көрсететін бейнематериалдар жарияланады.
Арналардағы материалдардың бір бөлігінде бас бостандығынан айырылған жастар өз оқиғаларын баяндайды. Олар қабылдаған шешімдері, кейін тап болған қиындықтары және жасаған әрекеттеріне қазіргі көзқарасы туралы әңгімелейді. Мұндай шынайы мысалдар жасөспірімдерге заңсыз қадамның салдарын түсінуге мүмкіндік береді.
Алдын алу шаралары бұрын сотталған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуді де қамтиды. Оларды еңбекке араластыру, әлеуметтік ортаға қосу және пайдалы істерге тарту бұрынғы қылмыстық ортаға қайта оралу қаупін азайтады. Мәселен, олар заңсыз мазмұндағы граффити жазуларын өшіру секілді профилактикалық шараларға қатысады.
– Қайта әлеуметтендірудің мақсаты – адамның қылмыстық өткеніне оралмай, қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау. Ол үшін жұмысқа орналасу, тұрақты орта және қоғаммен байланыс қажет, – деді Ирина Тимиргалиева.
Маманның пікірінше, жастарды құқық бұзушылықтан қорғаудың тиімді тәсілдерінің бірі – олардың салауатты өмір салтын ұстануына және алға қойған мақсаттарына заңды жолмен жетуіне жағдай жасау.
Сондықтан ата-ана баласының араласатын ортасына, әлеуметтік желідегі белсенділігіне және мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуы қажет. Ең маңыздысы – жасөспірім қиындыққа тап болғанда оны жалғыз шешуге тырыспай, жақындарынан көмек сұрай алуы.
Уақытылы көрсетілген қолдау баланы қате шешімнен сақтай алады. Сонымен қатар мамандар балаларға бейтаныс адамдардан зат алмауды, күмәнді ұсыныстарға сенбеуді және түсініксіз жағдай туралы ересектерге дереу хабарлауды ескертеді.
Құқық бұзушылық жөнінде ақпарат алған тұрғындар «Көлеңкелі қаһарман» Telegram чат-боты арқылы анонимді түрде мәлімет бере алады. Ал заңсыз әрекеттің куәсі болған жағдайда 102 нөміріне хабарласуға немесе «Police 102» қосымшасын пайдалануға болады.