18 жасқа толған павлодарлық оқушылар үшін МӘМС қалай төленеді?
Ата-аналар балаларының мәртебесі туралы алдын ала қамдану керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Міндетті медициналық сақтандыру қорының филиалында мемлекет есебінен сақтандырылған жеңілдікті санатқа 18 жасқа дейінгі балалар кіргенін еске салады. Сақтандыру пакетіндегі медициналық көмек оларға толық көлемде қолжетімді болып табылады.
– Мысалы, оқушы 18 жасқа толып, мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына немесе колледжге түсуге дайындалып жатса, студенттер қатарына қабылдау туралы бұйрық шыққанға дейін МӘМС жүйесіне дербес төлеуші ретінде қатысу қажет, – деді филиал директоры Жангелді Шаймбетов.
Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанына оқуға түскеннен кейін олар мемлекет есебінен сақтандырылған жеңілдікті азаматтар санатына кіреді. Білім мекемесі деректерді «Ұлттық білім беру деректер базасы» ақпараттық қорына енгізуге тиіс.
Айта кетейік, дербес төлеушілер үшін 2024 жылы МӘМС жарнасының мөлшері 4250 теңгені құрайды.
Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
- fms.kz ресми сайты
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
- 1414 байланыс орталығы
- Damumed мобильді қосымшасы
- egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі арқылы.
Егер студент мәртебесін тексеру барысында жеңілдікті санатқа кірмейтінін анықтаса, ал оған денсаулық жағдайына байланысты шұғыл көмек қажет болса, онда міндетті медициналық сақтандыру қоры тұрақты мәртебе қалпына келтірілгенге дейін бір айға уақытша мәртебе алуға мүмкіндік береді.