Жоламан ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Бекет заманауи техникамен жабдықталған, жобаны іске асыруға меценаттар да атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы Жоламан ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады. Бұл бастама ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің қолдауымен жүзеге асырылды. Енді 135 тұрғыны бар Жоламан ауылы ғана емес, сонымен қатар Мүткенов, Әбжан және Приреченское ауылдарының 1 700-ге жуық тұрғыны да өрттен жедел қорғаныс қызметіне ие болды.
– Бекет жұмысқа қажетті барлық заттармен жабдықталған: мамандандырылған өрт автоцистернасы, өрт-техникалық жабдықтар жиынтығы, байланыс құралдары және жауынгерлік киім-кешек. Техника мен жарақты Павлодар облысы ТЖД берді. Меценаттар да өз үлестерін қосып, еріктілерге өтімділігі жоғары «Орал» вахтовкасы мен соқасы бар «Беларусь» тракторын табыс етті. Техника қысқы кезеңде пайдаланылатын болғандықтан жылы боксқа орналастырылды, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатына ҚР ТЖ вице-министрі Рамиль Камалов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғұжинов және өңірлік ТЖД басшылығы қатысты. Камалов бұл жобаның ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, шалғай елді мекендерде тұрақты өртке қарсы инфрақұрылымды дамытудағы маңызды үлесі бар екенін атап өтті.
Қазіргі таңда Павлодар облысында 75 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бағдарлама аясында олардың саны артып, жергілікті қауымдастықтар арасында өзара көмек пен жауапкершілік мәдениеті нығайтылады.