Павлодарда жұмысшыларды еңбек дауларын шешуге үйрететін мектеп ашылады
Аталмыш жоба Жұмысшы мамандықтар жылына арналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Динара Айтжанованың айтуынша, дауларды шешу мектебі жазда басталады. Сонымен қатар, сәуір айында жұмысшылар үшін еңбекті қорғау форумы, «Еңбек адамы» челленджі және «Адал еңбек» бейнежобасы ұйымдастырылады. Оған қоса, жұмысшы кәсіптерінің имиджін нығайту бойынша тағы да басқа жоспарлар қойылған.
– Бұдан басқа, біз кәсіпорын қызметкерлеріне мобильді консультациялық топтардың шығуымен және татуластыру орталығының жұмысы арқылы құқықтық көмек көрсетуді жалғастырамыз. Оған 30-дан астам өнеркәсіптік кәсіпорын қатысады, – деді Динара Айтжанова.
Сонымен қатар, еңбек жағдайларын жақсартуға және қосымша әлеуметтік кепілдіктерді бекітуге баса назар аудара отырып, ұжымдық шарттарға өзгерістер енгізуге бағытталған жұмыс берушілермен келіссөздер өткізілуде.
Өңір басшысы кәсіподақтардың бұл бастамаларын оң бағалады.
– Сіздер кәсіпорын басшылығы мен ұжымдар арасындағы көпір іспеттісіздер. Бұл ретте, сіздердің жұмыстарыңыздағы кез келген өзгерістер бізге дереу жеткізілуі маңызды. Ал, біз оған белсенді қатысамыз, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы облыстық еңбек басқармасының басшысына кәсіпорындарда жанжалдардың алдын алуды қадағалауды тапсырды.