Павлодарда жұмыстан заңсыз босатылған қызметкерлер қайта жұмысқа алынды
Тігінші болып істеген қызметкерлердің жұмыстан босатылуы заңсыз деп танылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Павлодар оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС қызметкерлерінің апелляциялық шағымын қарады.
Талап қоюшылар кәсіпорында тігінші болып жұмыс істеген. 2025 жылдың шілдесінде олар өндіріс көлемінің азаюына байланысты жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан босатылған.
Бірінші сатыдағы сот жұмыстан босату туралы бұйрықтарды ішінара заңсыз деп танып, жұмыстан шығару негіздерінің тұжырымдамасын өзгертті. Алайда қызметкерлерді бұрынғы жұмысына қайта қабылдаудан бас тартқан.
Апелляциялық сот алқасы жұмыс беруші өндіріс көлемінің нақты қысқарғанын, құрылымдық бөлімшенің жабылғанын немесе қызметкерлерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігінің болмағанын дәлелдей алмағанын анықтады. Осыған байланысты сот алқасы жұмыстан шығару заңсыз деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар сот кәсіпорын қызметінің әлеуметтік бағытын да назарға алды. Оның негізгі мақсаты – көзі нашар көретін мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және олардың қоғамға араласуына мүмкіндік жасау.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы шешімнің талап қоюдан бас тартылған бөлігін жойып, қызметкерлерді бұрынғы жұмысына қайта орналастырды.
Сондай-ақ жұмыс берушіден бос жүрген барлық уақыт үшін жалақы және әрқайсысына 200 мың теңгеден моральдік зиян өтемақысы өндірілді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.