Павлодарда ұлттық дәстүр заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырылады
Биыл Павлодарда көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамы – жаңа форматта, яғни Digital Nauryz тұжырымдамасы аясында атап өтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоба ұлттық дәстүрлерді заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырып, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше мәдени-танымдық бағдарлама ұсынуды мақсат етеді.
Мерекелік шаралар 21-22 наурыз күндері Павлодар қаласының бірнеше алаңында ұйымдастырылады. Қала бойынша алты этноауыл құрылып, олардың әрқайсысында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді танытатын түрлі бағдарламалар өтеді. Сонымен қатар облыс орталығында 10 көрме киіз үйі орнатылып, онда дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар заманауи технологиялар арқылы ұсынылады.
Көрме киіз үйлерінде виртуалды шындық (VR), робототехника, 3D құрылымдар, 3D голограммалар және жасанды интеллект элементтері қолданылып, келушілерге қазақ халқының мәдени мұрасын интерактивті түрде таныстыру жоспарланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат әсіресе жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мерекелік бағдарлама аясында бірқатар мәдени, білім беру және инновациялық іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында «Ғасырлар жолы: жасанды интеллект көзімен» атты көрме, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында өтетін «НаурызИИада-2026» байқауы, сондай-ақ «Nauryz Smart City» жобаларының таныстырылымы бар. Бұдан бөлек этно-fashion көрсетілімдері, ұлттық дәстүрлерге арналған шеберлік сағаттары және цифрлық технологияларды қолданатын интерактивті көрмелер ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, Pavlodar Hub алаңында Digital Nauryz тұжырымдамасы аясында арнайы бағдарламалар өткізу жоспарланған. Мұнда Nauryz Battle байқауы, стартап-идеялар конкурсы, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен Наурыз тақырыбында комикстер жасау бойынша оқыту сабақтары өтеді.
– Тұрғындар мен қонақтар мерекелік іс-шаралардың толық бағдарламасымен арнайы әзірленген «Цифрлық Наурыз» сайтында таныса алады. Бұл сайт мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында орналастырылған. Онда 14-22 наурыз аралығында өңірде өтетін барлық шаралар туралы ақпарат жарияланған, – деді «Smart Ertis» ЖШС директоры Нұрлан Рақымжанов.
Халықты алдағы мерекелік бағдарламалар туралы қосымша ақпараттандыру мақсатында «Цифрлық Наурыз» сайтына өтетін арнайы QR-код әзірленбек. Бұл тұрғындарға барлық шаралар туралы ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік береді.