Павлодарлық фотограф: «Баянауыл – аңыздармен өрілген құт мекен»
Өңіріміздің белгілі суретшісі Александр Пархоменконың жеке фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көрме Д.П. Багаев музей-үйінде өнер иесінің 65 жылдығына арналған «Баянаул – край легенд» атты тақырыппен ұйымдастырылды.
Александр педагогикалық институттың студенті кезінде-ақ балалар фотостудиясын құру идеясының авторы. Кейін 1980 жылы Павлодар қаласының облыстық пионерлер сарайында «Фотон» студиясы ашылды. Өнер орталығы студенттердің жұмыстарынан фотосуреттердің толық жинағын құрады. Ал Александрды өнер ұстазы деп атауға болады. Александр Васильевич фотосуретке түсіріп, сурет басып шығаруды ғана емес, сондай-ақ шынайы жасауды үйретті.
Биыл өнер иесі осымен екінші рет көрме ұйымдастырып отыр. 18 ақпанда Ертіс өңіріне арналған көрме көрерменге жол тартқан болатын. Екі көрме бір-біріне ұқсамайды.
– Алғаш рет Баянауыл өңіріне 4-сыныпта лагерьмен саяхаттап барған болатынмын. Оның табиғаты мені бірден баурап алды. Баянауыл аңыздармен өрілген. Фото ісін білмегендігіме өкіндім, – дейді көрме авторы Александр Пархоменко.
Сол кезден бастап, талантты фотографтың аталмыш кәсіпке махаббаты мен қызығушылығы оянған.
Пархоменконың әрбір шығармасында өмір тынысын сезінуге болады. Шебердің талантының жан-жақтылығы бұрыннан жанрдың классикасына айналған ақ-қара фотосуреттер сериясымен ерекшеленеді. Бұл дәл өмірдегідей. Онда ештеңені алып тастауға, сол сияқты ештеңені қосуға болмайды.
– Александр Пархоменконы 35 жылдан аса танимын. Оның шығармашылық жұмысына ерекше ден қойып, айналаға философиялық көзқараспен қарайтыны ұнайды. Картиналары айналадан бақыт пен қуанышты байқауға үйретеді, – дейді Павлодар облысы славян орталығының басшысы Татьяна Кузина.
Спикердің айтуынша, талант иесі көрермендерді басқа ракурспен қарауға баулыйды. Автор фотосуреттерінде агрессия жоқ. Бұл оның ішкі жан-дүниесінің қуаныш пен шатыққа толы екенін дәлелдейді. Әрбір суреті терең мазмұнға, философиялық ойға бай. Баянауыл табиғатының қыр-сырлары шығармашылығында көрініс тапты.
– Бүгінгі жиынға қатысқаныма қуаныштымын. Александр Пархоменко талантты фотограф қана емес, сондай-ақ рухани жан дүниесі бай адам, – дейді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко.
Төрағаның айтуынша, ол 5-сынып оқып жүргенде, аса қызығушылықпен Александр Пархоменконың үйірмелеріне қатысқан. Шындап келгенде Александр Пархоменконың студиясы өңірімізде шығармашылықтағы кәсіби ұйымдардың бірі ретінде есептеледі.
Бұдан бөлек, мерейтой иесіне депутаттық корпус атынан құттықтау дайындалды.
Сонымен қатар, аталмыш іс-шараға «фотограф» ұстаздың шәкірттері қатысып, мерейтоймен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Соның бірі- 1991 жылы 11 жасынан бастап тәлім алған шәкірті Алена Виноградова сөз сөйледі.
– Александр Пархоменко – мені шығармашылыққа баулып, өнерге ғашық еткен ұстазым. Ол – өмірлік ұстазыма айнала білген асыл жан, – дейді ол.
Айта кетейік, көрме 30 мамырға дейін жалғасады.