Павлодарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін жәрмеңкелер көбейтіледі

Павлодарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін жәрмеңкелер көбейтіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімі аудан әкімдеріне тұрақтандыру қорындағы өнімдерді белсенді пайдалануды және фермерлердің тауарын делдалсыз сататын жәрмеңкелерді жиі өткізуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды. Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Дұғаловтың мәліметінше, есепті аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 99,9 пайыз, ал жыл басынан бері 101,1 пайыз болды.

Қазіргі уақытта 31 позицияның 21-і бойынша баға республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Ал 13 позиция бойынша Павлодар облысы ең төмен бағалар тіркелген өңірлердің алғашқы бестігіне кіреді.

Сонымен қатар кейбір аудандарда бағаның орташа облыстық деңгейден жоғары екені анықталған. Ең көп айырмашылық Шарбақты ауданында – 7 позиция бойынша тіркелді. Қалалар мен басқа аудандарда орта есеппен 6 позиция бойынша жоғары баға байқалады.

Облыс әкімі Асайын Байханов баға мәселесін тек статистикалық көрсеткіштермен шектемеу қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасы – халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан әкімдіктердің негізгі міндеті – нарықтық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шамадан тыс қымбаттауына жол бермеу.

– Азық-түлік бағасы – күнделікті тоқтамайтын жұмыс, халық үшін ең бірінші кезектегі маңызды мәселе. Диқаншылар өз тауарларын өз бағасымен сатса жақсы болар еді. Күзгі уақытта фермерлерді ортаға тартып, тұрғындарға өнімді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беруіміз керек. Павлодар облысында картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша секілді көкөністерді өз шаруаларынан тікелей сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл ретте делдалдардың қосымша үстемесін азайту арқылы бағаны төмен деңгейде ұстап тұруға болады, – деді Асайын Байханов.

Осыған байланысты қала мен аудандарда күзгі жәрмеңкелердің санын арттыру тапсырылды. Жәрмеңкелердің кестесі облыс әкімінің тапсырмасымен хаттамаға енгізіліп, бекітіледі.

Жиында Шарбақты ауданындағы жағдайға да ерекше назар аударылды. Ауданда жеті тауар позициясы бойынша баға облыстық орташа көрсеткіштен жоғары.

Шарбақты ауданының әкімі бұл мәселені шешу үшін сауда нысандарымен тікелей жұмыс күшейтілгенін айтты. Сондай-ақ тұрақтандыру қорынан өнімдерді іріктеу көлемін арттыру және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жалғасатынын жеткізді.

Алайда Асайын Байханов нақты нәтиже қажет екенін атап өтті.

– Жұмыс жасалып жатқаны түсінікті. Бірақ маған нәтиже керек. Халықтың ахуалына зор әсер ететін тақырып – азық-түліктің қымбатшылығы. Біздің қолымызда қандай мүмкіндік бар, соның бәрін пайдаланып, бұл жұмысты жасауымыз тиіс. Бұл – біздің міндетіміз, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде облыстың тұрақтандыру қорында 13 атау бойынша 7,7 мың тонна өнім жинақталған. Оның жалпы құны екі миллиард теңгені құрайды.

Жыл басынан бері қордан 883,8 миллон теңгеге 3 088,1 тонна өнім сатылған. Өнімді өткізуге облыстағы 227 серіктес дүкен тартылған.

Алайда Аққулы және Ақтоғай аудандарында тұрақтандыру қорындағы өнімді іріктеу деңгейі төмен. Облыс әкімі аталған аудандарға жұмысты жандандыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, «Айналым схемасы» аясында «Ирвема» ЖК-не 13 атаудағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын төмендетілген сауда үстемесімен өткізу үшін 190 миллион теңге бөлінген.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендетуге бағытталған тағы бір жаңа жоба – «Әлеуметтік әмиян» іске қосылмақ.

Жоба бойынша «Ваш» сауда желісімен шарт жасасу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдымен жоба Павлодар қаласындағы бір дүкенде сынақ ретінде іске қосылады.

Талғат Дұғаловтың айтуынша, пилоттық кезеңде Павлодар қаласындағы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың барлығы қамтылады. Олардың саны екі мыңнан астам адам.

– Жоба бойынша АӘК алушыларға eGov арқылы цифрлық ваучер беріледі. QR-код арқылы олар «Ваш» сауда желісінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 13 түрін бес пайыздан аспайтын сауда үстемесімен сатып ала алады. Жобаға нан, күріш, ұн, қарақұмық және басқа да әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары енгізіледі, – деді ол. 

Бұл жоба әзірге республика бойынша пилоттық форматта жүзеге асырылмақ. Егер сынақ кезеңі сәтті өтсе, оны «Ваш» сауда желісінің басқа филиалдарына енгізу жоспарланып отыр.

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір тетігі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Жыл басынан бері Павлодар облысының қалалары мен аудандарында 408 жәрмеңке ұйымдастырылған. Асайын Байханов жәрмеңкелерді тек аудан орталықтарында емес, мүмкіндік болған жағдайда ауылдық елді мекендерде де өткізудің маңызын атап өтті.

Ал 17 қазанда Астана қаласында Павлодар облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда өңірдің ет, көкөніс және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылады.

Өнім бағасына негізсіз үстеме қосатын делдалдарды анықтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері комиссияның 31 отырысы өткізіліп, 81 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеге 105 әкімшілік хаттама толтырылды.

Талғат Дұғаловтың айтуынша, заң бұзушылықтарға қатысты бақылау тұрақты жүргізіледі. Алғаш рет заң бұзған жағдайда 10 АЕК, қайталанған жағдайда 30 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Жиын қорытындысында облыс әкімі кәсіпкерлік және сауда басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп баға мониторингін күшейтуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ тұрақтандыру қорындағы өнімдерді өткізуді жалғастыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерін делдалсыз сатуға мүмкіндік беретін апта сайынғы жәрмеңкелерді ұйымдастыру міндеттелді.