Павлодарда невропатологқа кезек мәселесі шешіле бастады
Емханадағы маман тапшылығы да назардан тыс қалмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков №3 емханаға барып, тұрғындар мен медицина қызметкерлерінің ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында бейінді дәрігерлердің жетіспеушілігі және медициналық қабылдауға ұзақ уақыт күту мәселелері сөз болды.
Тұрғындардың айтуынша, кей учаскелерде бір терапевт бірнеше аумаққа қатар қызмет көрсетеді. Ал невропатологтың қабылдауына жазылу да қиынға соғады. Бұған дейін аталған маман еңбек демалысында болған. Сонымен қатар, ол ересектермен бірге балаларды да қарайды. Қазір дәрігер жұмысқа қайта кірісіп, кезек ретке келе бастаған.
– Мәселені бақылауға алып, айлап кезек күтпеу үшін нақты шешім қабылдау керек, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы оқу жылының басталуына және скринингтік тексерулер кезеңінің жақындауына байланысты медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені реттеуді тапсырды. Сондай-ақ дәрі-дәрмек алу барысында тұрғындардың ұзақ уақыт күтуіне жол бермеу үшін қызмет көрсету тәртібін қайта қарау қажеттігін тапсырды.
Кездесу кезінде емханаға жүгінетін тұрғындар саны да талқыланды. Медициналық қызметтердің басым бөлігі алдын ала жазылу тәртібімен көрсетіледі.
Сонымен қатар, кездесуде әкім Атамекен кентіне қатынайтын қоғамдық көлік мәселесіне тоқталды. Өткен жылы жергілікті тұрғындар тұрақты кездесулердің бірінде елді мекенге автобус қатынасын ұйымдастыру қажеттігін көтерген. Биыл бұл мәселе бюджет қаражаты есебінен шешіліп, кентпен тұрақты көлік байланысы орнатылды. Жергілікті тұрғындар көрсетілген қызметке ризашылықтарын білдірді.