Павлодарда әйгілі генерал Ахмет Тұмарбеков атындағы кабинет ашылды
Биыл есімі аңызға айналған генералдың туғанына 100 жыл толады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Павлодар қаласына жасаған жұмыс сапары аясында өңір әкімі Асайын Байхановпен бірге Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына барды. Оқу орнында Ұлы Отан соғысының қатысушысы, КСРО және Қазақстан ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары Ахмет Тұмарбековтің құрметіне арнайы кабинет ашылды.
Кабинеттің ашылу рәсіміне полиция қызметкерлері, мектеп оқытушылары мен оқушылары, сондай-ақ милиция генерал-майорының туыстары қатысты.
Ахмет Тұмарбековтің ғұмыры еліміздің ішкі істер органдарының кеңестік кезеңдегі тарихымен тығыз байланысты. Ол – қиын сынақтарға мойымай, өмірінің соңына дейін өз ісіне адал қызмет еткен адамдардың бірі.
– Ахмет Тұмарбекұлының қазақ милициясын қалыптастыруға қосқан үлесі зор. 20 жылдай Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары болды. Шәкірт тәрбиелеп, артында өшпес із қалдырды, – деді Марат Ахметжанов.
Айта кетерлігі, биыл есімі аңызға айналған генералдың туғанына 100 жыл толады.