Павлодарда өндірістегі бірнеше адам өліміне жұмыс берушілер кінәлі
Материалдар құзырлы орындарға жолданып, шешімі күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында облыстағы өндірісте 44 жазатайым оқиға тіркеліп, 46 адам зардап шекті. Оның ішінде 28 адам ауыр жарақат алып, үш адам қаза тапты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда зардап шеккендер саны екі адамға артқан. Мамандар мұны топтық жазатайым оқиғалардың орын алуымен байланыстырады.
Жарақаттану фактілерінің басым бөлігі тау-кен металлургиясы, машина жасау салаларында және бюджеттік ұйымдарда тіркелген. Ең көп зардап шеккендер Павлодар қаласында – 25, Екібастұзда – 13, Ақсуда – бес адам болды. Кәсіпорындар арасында Ақсу ферроқорытпа зауытында төрт адам, «ERG Service» кәсіпорнында үш адам, «Fonet Er-Tai AK Mining» және «Богатырь Көмір» кәсіпорындарының әрқайсында екі адам зардап шеккен.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің еңбек инспекциясы бөлімінің басшысы Ербол Сайфуровтың айтуынша, өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы.
– Осы алты айда өліммен аяқталған үш жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексеру аяқталды. Нәтижесінде жұмыс берушілердің кінәсі жүз пайыз деп танылды. Материалдар полицияға жолданды, енді олар өз құзыреті шегінде шешім қабылдайды, – деді ол.
Бөлім басшысының сөзінше, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін кәсіпорындарда профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.
– Жазатайым оқиғалардың санын азайту бағытында профилактикалық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда кейбір көрсеткіштер төмендеді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді Ербол Сайфуров.
Өндірісте қаза тапқан немесе жарақат алған қызметкерлерге заңнамаға сәйкес қолдау көрсетіледі. Міндетті сақтандыру шарты негізінде төлемдер жүзеге асырылады. Ал қайтыс болған жұмыскердің кәмелетке толмаған балаларына марқұмның жалақысына байланысты өтемақы кәмелет жасына дейін төленеді. Бұдан бөлек, жұмыс беруші тарапынан қосымша қаржылай көмек көрсетілуі мүмкін.
Еңбек инспекциясы тексеру барысында заң бұзушылықтарды анықтаған жағдайда әкімшілік айыппұл салып, оқиға материалдарын құқық қорғау органдарына жолдайды. Одан әрі құқықтық бағаны полиция өз құзыреті шегінде береді.