Павлодардан жүрек ақауы бар үш айлық сәби Астанаға тікұшақпен жедел жеткізілді

Павлодардан жүрек ақауы бар үш айлық сәби Астанаға тікұшақпен жедел жеткізілді
Фото: University Medical Center баспасөз қызметі

Бала дереу ауруханаға жатқызылып, жедел медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

University Medical Center баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 сәуір күні Астана қаласындағы UMC Жүрек орталығына Павлодардан туа біткен жүрек ақауы бар үш айлық нәресте шұғыл түрде тікұшақпен жеткізілген. Нәрестеге қажетті медициналық көмекті ұшу барысында қамтамасыз ету үшін UMC Жүрек орталығының реаниматолог-дәрігері Елдос Жүнісәлиев арнайы Павлодарға ұшып барып, оны Астанаға дейін ілесіп әкелген. 

Бұл жағдай – Жүрек орталығы тарихында пациентті тікұшақпен жеткізудің үшінші оқиғасы. Мұндай тасымалдау түрі қолайлы метеожағдайларда ғана іске асырылуы мүмкін. Көп жағдайда пациенттер әуе көлігі – ұшақ арқылы жеткізіледі, – деп жазылған хабарламада.

UMC Жүрек орталығы аумағында тікұшақтың қонуына арналған арнайы алаң қарастырылған. Бұл – жедел медициналық көмекті қажет ететін науқастарды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Әсіресе шұғыл жағдайларда, әрбір минут маңызды болған кезде әуе арқылы тасымалдау пациентті клиникаға жылдам әрі қауіпсіз жеткізудің жалғыз жолы болып табылады.

Астана мен Павлодар қалаларының медициналық қызметтерінің, сондай-ақ UMC Жүрек орталығы мамандарының үйлесімді және жедел әрекетінің нәтижесінде нәресте дер кезінде жеткізіліп, қажетті медициналық көмек алды.

Айта кетерлігі, Жүрек орталығы – балалар арасындағы күрделі туа біткен жүрек ақауларын емдеуге маманданған жетекші кардиохирургиялық мекеме. Орталықтың жоғары білікті мамандар құрамы заманауи медициналық технологияларды қолдана отырып, жас пациенттердің өмірін құтқару жолында мол тәжірибеге ие.