Павлодардағы 3-ЖЭО-да түтін мұржасы күрделі жөнделеді
Жұмыс кезінде станция тоқтамайды, қазандық агрегаттары екінші түтін мұржасына ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 3-ЖЭО-да №1 түтін мұржасын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Станция бұл уақытта штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
Қазір жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттары №2 түтін мұржасына ауыстырылған. Мердігер ұйым мамандары бетон оқпанның ішіндегі алаңды құрастырып, такелаж схемасын баптап, қажетті жабдықтарды орнатуда.
– №1 түтін мұржасына күрделі жөндеу жүргізу өңір тұрғындарын сапалы жылу және энергиямен қамтамасыз ету, сондай-ақ станция жабдықтарының жұмыс сенімділігін арттыру үшін қажет, – деді Павлодар 3-ЖЭО бас инженерінің орынбасары Дамир Ибрагимов.
№1 түтін мұржасының биіктігі – 180 метр. Мамандар 130 метр биіктікте орналасқан төрт белдеуді жөндеп, мұржаның ішкі кірпіш қабатын қалпына келтіреді.
Сонымен қатар энергетиктер №2 түтін мұржасының сыртқы бетін жуып, сырлауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар 3-ЖЭО-да №5 турбоагрегатқа күрделі жөндеу басталған болатын. Биыл станцияда барлығы үш қазандық пен екі турбоагрегатты жаңарту жоспарланған. Сол кезде жөндеу бағдарламасына №1 түтін мұржасын қалпына келтіру де енгізілгені хабарланған еді.