Павлодардағы психикалық денсаулық орталығында қызметтік тексеру басталды
Оған әлеуметтік желіде тараған ақпарат негіз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Павлодар қаласындағы психикалық денсаулық орталығының ерлерге арналған №2 бөлімшесінде пациенттерге қатыгездік көрсетілгені туралы ақпарат тарады.
Жарияланған мәліметте Азамат есімді санитардың бейнебақылау камералары жоқ жерлерде, әсіресе дәретханаларда, егде жастағы пациенттерге күш қолданатыны айтылған. Сондай-ақ кейбір пациенттердің денелерінде көгерген іздер қалғаны және олардың өз өмірі мен денсаулығына алаңдап отырғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, жазба авторы аталған қызметкердің бұрын полиция органдарында жұмыс істегенін мәлімдейді.
Осыған байланысты «Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ КМК ресми түсініктеме берді.
Мекеменің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде таралған ақпаратқа байланысты орталықта қызметтік тексеру жүргізіледі.
Сонымен қатар, орталықта емделушілер тарапынан мұндай фактілер бойынша ешқандай ресми өтініш немесе шағым тіркелмегені атап өтілді.
Мекеме пациенттер мен олардың туыстары қандай да бір мәселе туындаған жағдайда пациенттерді қолдау қызметіне 666-103 байланыс телефоны арқылы хабарласа алатынын еске салды.
Қызметтік тексерудің нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.