Павлодардағы жатақханаларда студенттерге орын жетіспейді
Оқуға ниет білдірушілердің саны көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 ақпанда партия мүшелері студент жастардың тұрғылықты жерлеріне, қазіргі жағдаймен танысу және ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйіне мониторинг жүргізді.
Мәселен, Инновациялық Еуразия университеті колледжінің жатақхана ғимараты шамамен 30 жыл бұрын салынған, қазір мұнда 156 жас тұрады. 16-18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған студенттер түнгі тәрбиешілердің бақылауында. Ғимаратта күзет бекеті, бейнебақылау орнатылған және жатақхана коменданты жұмыс істейді. Оқу орны өкілдерінің айтуынша, орындар әрдайым жетіспейді, өйткені оқуға ниет білдірушілер көп, бүгінгі таңда колледжде 3000-нан астам студент оқиды.
– Біз мұнда ең алдымен шалғай ауылдарда тұратын немесе басқа қалалардан келген балаларды орналастыруға тырысамыз. Сонымен қатар, мүмкіндігінше жақын маңдағы елді мекендерден келген тілек білдірушілерді қоныстандырамыз. Жетім балалар, мүгедектер, көп балалы отбасылардан шыққан балалар тұрады, – деп атап өтті колледж қызметкерлері.
«AMANAT» партиясы өңірлік филиалының атқарушы хатшысы, «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Бәкіжан Кәкім студенттермен әңгімелесті. Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды.
– Біз студенттерге олардың жатақханада тұру тұрғысынан барлық жағдай қанағаттанарлық па деген сұрақтар қойдық. Жалпы, жастар тарапынан елеулі ескертулер жоқ екенін көріп отырмыз. ЖОО басшылығы ұсақ кемшіліктер мен ұсынымдарды жоюға уәде берді, сондай-ақ бізге ағымдағы жылы ғимаратта күрделі жөндеу және материалдық-техникалық базаны жаңарту жоспарланғанын хабарлады, – деп атап өтті партияның өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова.
Осы күні облыс орталығының басқа колледждері мен ЖОО-ларында да осындай мониторингтер өткізілді. Оқу орындарының басшылығы комиссияның барлық тілектері мен ұсыныстарын орындауға уәде берді. Жатақханалардың мониторингін партия мен «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері тұрақты негізде жүргізетін болады.