Павлодар облысында бақылаусыз жайылған мал шабындық алқаптарын таптап кетті
Әрі бақылаусыз малдар жол-көлік оқиғасына да себеп болуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңір тұрғындары арасында әлі де малдарды жаю ережелерін сақтамайтындар бар.
Павлодарлық полицейлер ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін сақтауды еске салады. Кез келген малда белгі мен таңба болуы керек. Әрі әр малдың жеке басында төлқұжат болуы шарт. Шаруа қожалықтарының басшылары түнгі уақытта аумақтарды қорғауға, чиптер немесе таврлар орнатуға ерекше назар аударуы қажет. Жануарларға шағылыстыратын таспаларды орнату, әсіресе түнде жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін өте маңызды.
- Мысалы, 21 шілдеде Баскөл ауылының тұрғыны полицияға хабарласып, шалғындарда сиырлар бақылаусыз жайылып жүргенін, сол арқылы оның шабындық алқаптарына зиян келтірілгенін мәлімдеді. Учаскелік полиция инспекторы мал иесін анықтады. Ол сол ауылдың 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Сонымен қатар, Ленинск-Курчатов автожолында таңғы сағат 01.00-де Лада-гранта маркалы автокөліктің 43 жастағы жүргізушісі жолға жүгіріп шыққан атты қағып кеткен. Жылқы иесі анықталды және жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ бүлінген автокөлік үшін келтірілген материалдық залалды өтейтін болады,- деп хабарлады жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаев.
Жыл басынан бері Павлодар облысында бақылаусыз жайылып жүрген 9175 бас мал айып тұрағына қамалды.
Тәртіп сақшылары иесіз және қаңғыбас малдың иелері ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады.