Павлодардың арнайы экономикалық аймағы еліміздегі үздік үштікке енді
Бүгінде арнайы экономикалық аймақ аумағында 39 кәсіпорын жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар арнайы экономикалық аймағы соңғы екі жыл қатарынан даму көрсеткіштері бойынша Қазақстандағы үздік үш арнайы экономикалық аймақтың қатарына кіріп келеді. Бұл туралы АЭА төрағасы Мәдениет Ахметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, арнайы экономикалық аймақтың басты мақсаты – инвестиция тарту, жаңа технологиялық өндірістерді іске қосу және тұрақты жұмыс орындарын құру.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақ аумағында 39 кәсіпорын жұмыс істесе, оның ішінде 24 кәсіпорын өнім өндірсе, 15 кәсіпорын өндірістік нысандардың құрылысын жүргізуде. Жобалардың жалпы инвестициялық портфелі 555 миллиард теңгені құрайды.
– Мемлекет тарапынан инфрақұрылымды дамытуға шамамен 14 миллиард теңге бағытталды. Ал кәсіпорындар бюджетке 40 миллиард теңгеге жуық салық төледі. Бұл бюджеттен салынған әрбір 1 теңгеге шамамен 3,5 теңге көлемінде қайтарым түсіп отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, мемлекет жұмсаған әрбір 1 теңгеге 19 теңге жеке инвестиция тартылды, – деді Мәдениет Ахметов.
Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар 117 түрлі өнім шығарады. Өнімдер әлемнің 12 еліне экспортталады. Экспорттық серіктестер қатарында Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Польша және басқа да мемлекеттер бар.
Арнайы экономикалық аймақтың аумағы 1200 гектарды құрайды. Қазір оның шамамен 65 пайызы резиденттермен игерілген. Бос жатқан жер көлемі – 300 гектар. Инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 66 пайызға жеткен.
АЭА басшысы инвестиция тарту көрсеткіштерінің соңғы жылдары айтарлықтай артқанын атап өтті. Егер 2021-2022 жылдары тартылған инвестиция көлемі 3,8-4,2 миллиард теңге шамасында болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 50 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 100 миллиард теңгеге жуықтайды деп күтілуде. 2026 жылға арналған жоспар – 75 миллиард теңге инвестиция тарту.
Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтың негізгі бағыттары химия, мұнай-химия және металлургия салалары болып отыр. Кәсіпорындарды тарту мақсатында қатысушыларға бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, қосылған құн салығы, мүлік салығы, жер салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік баждар бойынша нөлдік мөлшерлемелер қолданылады.
Жыл сайын арнайы экономикалық аймаққа орта есеппен төрт-бес жаңа кәсіпорын қосылады. Қазірдің өзінде мұнда 1739 жұмыс орны құрылған.
Биыл жылдың соңына дейін тағы төрт жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
Мәдениет Ахметовтің сөзінше, жер телімдерін бөлу кезінде әр кәсіпорынның өндірістік қажеттілігі ескеріледі. Бұл кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне, өндіріс көлемін ұлғайтуына және экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.