Павлодардың күзгі гардеробында қандай түстер басым?
Жылы реңктер мен кең пішімдер маусымның бағытын айқындайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күзгі маусымда сән мен жайлылықты қатар ұстану маңызды. Биыл кең пішінді жакеттер, ұзын пальто, былғары бұйымдар, трикотаж, кең шалбар және қабаттап киіну ерекше өзекті.
Стилист Салтанат Есенғалиеваның айтуынша, маусымдық киім таңдауда қоңыр түс түрлі реңдердің алдыңғы қатарына шыққан.
– Қоңыр, қою қызыл, шоколад, қою жасыл, қоңыр жасыл (хаки), сұр және сүт түстерінің танымалдығы артты. Бұл реңктер күзгі образдарға жақсы үйлеседі әрі бірнеше маусым пайдалануға болатын практикалық таңдаулар, – деді маман.
Салқын күндері сырт киім таңдағанда Павлодардың ауа райын да ескеру қажет. Ұзын классикалық пальто, тренч, былғары күрте, қысқа көлемді және жылы мамық күртешелер биылғы маусымда жиі таңдалуда.
– Қазір адамдар сәнді көрінетін әрі күнделікті өмірге ыңғайлы киімді қатар қалайды. Жақсы тігілген пальто, тренч, классикалық шалбар, жакет, ақ жейде, сапалы трикотаж және былғары күрте – бірнеше маусым киюге болатын базалық заттар, – деді Салтанат Есенғалиева.
Маман күзгі образда екі-үш негізгі реңктен артық қолданбауға кеңес береді. Мәселен, шоколад түсті сүт реңкімен, қою қызылды сұрмен, қоңырлау жасылмен (хаки) ақшыл қоңырмен, ал қоңырды көк түспен үйлестіруге болады.
Жастар арасында streetwear, sporty, Y2K, oversized, grunge, old money және clean girl бағыттары әлі де танымал. Сонымен қатар, түрлі стильдерді бір образда ұштастыруға қызығушылық артып келеді. 70-90-жылдар эстетикасы, кең шалбар, былғары мен күдері (замша), ретро кроссовкалар, көлемді жакеттер және белді айқындайтын силуэттер қайта оралды.
Өңірдің салқын күндерінде қабаттап киіну әрі ыңғайлы, әрі тиімді. Жұқа термокөйлек немесе трикотажды жакетті свитермен үйлестіріп, сыртынан жылы пальто не мамық күртеше киюге болады. Мойынорағыш, бас киім, қолғап және сөмке секілді аксессуарлар образды толықтырады.
Әйелдерге бұл маусымда ұзын пальто, кең шалбар, қысқа күртеше, трикотаж, сапалы етік және акцентті аксессуарлар ұсынылады. Ерлер үшін классикалық немесе relaxed-fit пальто, overshirt, трикотаж, түзу шалбар, сапалы былғары аяқ киім және минималистік әшекейлер өзекті.
Стилистің сөзінше, маусым ауысқан сайын барлық затты жаңартудың қажеті жоқ. Бірнеше жылға жарайтын базалық үлгілерді жаңа маусымның танымал реңктері мен аксессуарларымен толықтырған тиімді.