Павлодарлық қолөнерші адамнан аумайтын портреттік қуыршақтар жасайды
Ерекше және есте қалатын сыйлықтарды мүсіндейтін шебер @Pavlodarnews.kz тілшісімен авторлық қуыршақтарды дайындаудың сырымен бөлісті.
Облыс орталығының тұрғыны Наталия Сафронова 12 жыл бұрын қуыршақ жасауға бел буған. Ерекше әуестікке немерелері итермелеген.
– Мен ол кезде еңбек демалысында бір жарым ай ішінде үйде отырдым. Жаңа жыл жақындап, немерелеріме қандай сыйлық беретінімді ойластырдым. Дәл ғаламтордың дамып, тарап жатқан уақытында сайттардан ойыншықтар іздедім. Кездейсоқ түрде қуыршақ жасайтын сайтқа кіріп, әдемі қуыршақты жасауға болады екен деп таң қалдым. Сол кезде қызығушылығым оянды,– деді Наталия Сафронова.
Наталия шеберлік сабақтар бойынша қуыршақ жасауға үйренді.
– Басында полимерлі саз балшықтың жарты келісін сатып алып, бір айда жеті қуыршақ жасап тастадым. Күні бүгінге дейін полимерлі саз балшық қолымнан түспейді,– деді Наталия Сафронова.
Қолөнерші түрлі шара мен мерейтойларға, жақындарына сый ретінде портреттік қуыршақтар дайындайды. Ол саз балшықты мүсіндерге арнайы матаның түр-түрін қолданып, атлас, пайеткалар, жиктеме мен жылтыр таспалардан киімдер тігеді.
– Адамдар маған фото жіберіп, тапсырыс жасайды. Мен болашақ қуыршақ дайындау үшін адамға барынша ұқсас етіп істеу мақсатында, тапсырыс берушіден сыртқы келбетінің бірнеше нұсқасындағы фотоларын жіберуін сұраймын,– деді Наталия Сафронова.
Оның айтуынша, тек беттің өзіне ғана 3-4 күн кетуі мүмкін.
– Жұмыстың күрделілігі қандай қуыршақты мүсіндеп жатқаныма байланысты болады. Мысалы, қалыңдық пен күйеу жігіт қуыршақтарын бір ай жасағаным бар. Киімдеріне бір аптадай уақыт кетті. Ұсақ-түйектің өзіне мән беру керек. Егер ұлттық стильдегі қуыршақ болса, онда әшекейлерін бөлек сатып алу қажет,– деді Наталия Сафронова.
Қолөнершінің ең сүйікті жасаған жұмысы – етікші қуыршақ.
– Атаның қолында хрусталь аяқ киім болған. Бұл қуыршақ Екатеринбург қаласына жібердім. Ол есімде қалып қойған тапсырыстардың бірі. Бойлы қуыршақтарға да тапсырыс болды. Ойыншық сияқты синтетикадан жасалған жұмсақ ата мен әжеге татар костюмдерін тіктім. Оларды іс-шараға арнап алғызды, – деді Наталия Сафронова.
Шебердің сөзінше, қуыршақтар пеште 130 градуста 30 минут ішінде пісіріледі. Пешке салудың алдында полимерлі саз балшықтың жұмсақтығынан пішінді өзгертуге, түзетіп қоюға болады.
Фотолар Наталия Сафронованың жеке мұрағатынан алынды