Павлодардың бас дәрігері перинаталдық орталықтағы мәселені жеке тексерді

Павлодардың бас дәрігері перинаталдық орталықтағы мәселені жеке тексерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жүкті әйелдерді орналастыру мәселесіне қатысты тұрғындар шағымданған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков медициналық мекемеге арнайы барып, жағдаймен танысты.

– Медициналық ұйымды аралау барысында жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесіндегі нақты ахуал сараланды. Бүгінгі таңда бұл бөлімше 30 төсек-орынға есептелген. 20 қаңтардағы мәлімет бойынша, бөлімшеде 27 жүкті әйел ем қабылдауда, ал орташа толымдылық 20-25 адамды құрайды, – деді ол Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, бөлімшенің жұмысы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптары мен нормативтеріне толық сәйкес жүзеге асырылуда. Кейбір жағдайларда, негізінен жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде, палата босағанша немесе медициналық құжаттарды ресімдеу аяқталғанша холлда қысқа уақыт күту орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі және уақытша сипатқа ие.

– Дегенмен, әрбір осындай жағдай ерекше назар аударуды талап етеді. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, әсіресе ана мен баланы қорғау саласындағы мәселелер менің жеке бақылауымда, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Ермек Кучуков атап өткендей, азаматтардың барлық өтініштері бұдан былай да жедел түрде қаралып, қажет болған жағдайда оқиға орнына бару арқылы шешімін таппақ.