Павлодарлық құсбегі жыртқыш құстармен халықаралық жарыста жеңімпаз атанды

Павлодарлық құсбегі жыртқыш құстармен халықаралық жарыста жеңімпаз атанды
Суретті Ермек Иманзайып ұсынды

Ермек Иманзайып турнирге ителгі құсымен қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.

Алматы облысының Райымбек ауданында құсбегілердің «Сонар-2024» халықаралық турнирі өтті. Бүркітшілер жарысына елдің әр аймағынан 80-нен астам құсбегі қатысты.

Қазақ халқының бай мұрасы болып табылатын құсбегілік өнерін дәріптеу және шетелдік қатысушылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында өткен турнирге Қазақстанның 13 облысынан келген құсбегілер, 67 бүркіт, 16 қаршыға, 14 ителгі қатысты. Сонымен қатар, Моңғолия, Қытай және Қырғызстаннан келген шетелдік құсбегілер де өз өнерлерін көрсетті.

Өңіріміздің абройын қорғауға Ермек Иманзайып турнирге қатысып, ителгі құсы жарысында үшінші орынды иеленді. Әкесі бүркітші болған соң Ермекті 9 жасынан бастап бүркіт ұстауға үйретіп, 10 жасынан бастап жарыстарға бірге ертіп барып, бүркітшілікке деген қызығушылығын арттырған.

Бүгінде 26 жастағы бүркітші қалада тұратындықтан ителгі құсын баулып жүр. Оның айтуынша, бүркіт ұстауға арнайы құсқа арналған кең қора керек. Сонда да әкесінің бүркітін ауылда інісі баптап, бағып отыр.

–        Құсты ұстағанда, отбасыңа көңіл бөлетіндей баптап қарауды қажет етеді. Бала кезімнен құс ұстадым. Келешекте облыс бойынша құсбегіліктен жастарға үйірме ашып, құсбегілікке баулығым келеді, — дейді бүркітші.

Ермек - дене шынықтыру мұғалімі. Қосымша қызығып істейтін жұмысы – құсбегілік. Ителгіні дайындау кезінде жұбайы қолдап, көмектесіп жүреді. Алдағы уақытта Қарағанды облысының аңшы құстармен аң аулау чемпионатында бақ сынайын деп отыр.