Павлодарлық құтқарушыларға су тасқыны кезінде автожанармай құю көлігі қажет
Ол су тасқыны кезінде су сору техникасы мен сорғы жабдықтарын үздіксіз жанармаймен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте өңірлік ТЖД басшысы Рүстамбек Әмрин құтқарушылардың арсеналында 769 бірлік инженерлік және арнайы техника, жиырмадан астам жүзу құралы және 357 мотопомпа бар екенін мәлімдеді.
– Төтенше жағдайлар департаментінің техникасы жоспарлы техникалық қызмет көрсетуден өтті. Қажетті жанар-жағармай қоры жасақталды. Жеке құрам мен құтқару бөлімшелері 14 тәулікке дейін автономды қамтамасыз етумен дайындыққа келді, – деп баяндады ведомство басшысы. – 2026 жылғы 1 наурыздан бастап департамент базасында жедел штаб құрылды. Күштер мен құралдар әрекет етуге дайын.
Сонымен қатар, Рүстамбек Әмриннің айтуынша, сыйымдылығы кемінде 10 тонналық екі секциялы автожанармай құю көлігімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр.
– Аталған техника апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілетін аймақта су сору техникасы мен сорғы жабдықтарын үздіксіз жанармаймен қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл төтенше жағдайларды жою шараларының үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етеді, – деді спикер.
Еске сала кетейік, «Қазгидромет» филиалының деректеріне сәйкес, жиналған жауын-шашын көлемі, топырақтың қату тереңдігі мен ылғалдылығын ескере отырып, облыс аудандары тәуекелдің үш санатына бөлінген. Осыған байланысты ТЖД күштері мен құралдары топтарға бөлінді. Қажет болған жағдайда жедел топты оқиға аймағына жедел түрде жіберу мүмкіндігі қарастырылған.