Павлодарлық құтқарушылар Ресейде табиғи өртті сөндіруді пысықтады

Павлодарлық құтқарушылар Ресейде табиғи өртті сөндіруді пысықтады
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Қазақстан мен Ресейдің бірлескен оқу-жаттығуына 130-дан астам маман мен 32 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ресейдің Омбы облысында екі елдің құтқарушылары табиғи өрттерге қарсы бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізді. Оған Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Амрин, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД бастығы Жомарт Асқаров және тиісті бөлімшелердің мамандары қатысты.

Үш кезеңнен тұратын жаттығуда шекаралас аумақтарда өрт шыққан жағдайда әрекет ету тәртібі пысықталды. Алдымен құтқарушылар табиғи өрт туралы жедел ақпарат алмасып, қазақстандық бөлімшелерді қарсы алу жұмыстарын ұйымдастырды.

Екінші кезеңде шартты өрт орман алқабына тарады. Оны тоқтату үшін орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылып, өрттің таралуына тосқауыл болатын минералдандырылған жолақтар жасалды. Сондай-ақ Ми-8 тікұшақтары мен шағын авиация ұшағы арқылы әуеден бақылау жүргізілді.

Соңғы кезеңде өрт елді мекенге жақындаған жағдай қарастырылды. Құтқарушылар тұрғындарға хабар беріп, оларды уақытша орналастыру пункттеріне көшіруді ұйымдастырды. Медициналық, полиция және көлік қызметтерімен бірлескен іс-қимылдар да тексерілді.

Оқу-жаттығу барысында екі елдің төтенше жағдайлар қызметтері өрт кезінде күштерді үйлестіру, ақпарат алмасу және шекаралас аумақтарда бірлесіп әрекет ету тәртібін пысықтады.