Павлодарлық құтқарушылар түтін жағдайындағы жаттығуларда шеберліктерін шыңдады

Павлодарлық құтқарушылар түтін жағдайындағы жаттығуларда шеберліктерін шыңдады
Фотосуретті облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ұсынды

Жұмыс дағдыларын жетілдіруге арналған практикалық сабақтарды облыстық ТЖД ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1-МӨСБ аумағындағы оқу-жаттығу кешенінде өткен сабақтарға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Рустамбек Амрин өзі қатысып, тікелей басшылық етті. Жаттығу барысында ТЖД-ның басшы құрамындағы қызметкерлер жылу мен түтінге толы камерада, барынша шынайы жағдайға жақын ортада өз іс-әрекеттерін пысықтады.

– Бұл жаттығулар газ-түтіннен қорғау қызметі құрамындағы мамандардың жұмыс дағдыларын жетілдіруге, күйзеліске төзімділігін арттыруға және тыныс алуға жарамсыз ортада әрекет ету кезінде тактикалық тәсілдерін дамытуға бағытталған, – деді Рустамбек Амрин.

Жаттығу барысында өрт сөндірушілер қолданатын заманауи техникалар мен құралдардың мүмкіндіктері көрсетілді.

– Мысалы, түтінге толы бөлмеде температуралық айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін жылу түсіргіштің көмегімен ашық және жасырын өрт ошақтары табылды. Құрылымдар бойынша жылудың таралуы бақыланып, бөлменің термиялық әсер деңгейі бағаланды, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, көріну нөлге тең түтін жағдайында бағдар алуға көмектесетін жарықтандырылған бағыттаушы кабель пайдаланылды. Ол қозғалыс бағытын көрсетіп, сілтемені жоғалтпауға мүмкіндік берді.

Биыл алғаш рет Wi-Fi арқылы планшетке қосылған экшн-камера да сынақтан өткізілді. Бұл құрылғы өртті сөндіру басшысына сыртта отырып, нақты уақыт режимінде әрекеттерді бақылауға және төтенше жағдай кезінде дереу шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай жаттығулар өрт сөндірушілердің кәсіби деңгейін айтарлықтай арттырып, төтенше жағдайларда жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.