Қолжетімді интернет, бассейн: Май ауданында не өзгермек?

Қолжетімді интернет, бассейн: Май ауданында не өзгермек?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» бойынша 32 жоба іске асырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облысы әкімі Асайын Байханов Май ауданының тұрғындарымен тұрақты кездесуінде хабарлады. 

– Бес жыл ішінде Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Ауыл – ел бесігі» жобасымен сегіз ауыл қамтылды. Олар – Көктөбе, Жұмыскер, Майтүбек, Малайсары, Қаратерек, Кеңтүбек, Саты, Белогор НҚП ауылдары. 32 жобаны іске асыруға екі миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды, – деді аймақ басшысы. 

Биыл Қаратерек ауылында мәдениет үйі мен ауылдық жолдар жөнделді. Қазіргі таңда спорт кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы Көктөбе ауылындағы Ерсін Мұқашев атындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Келесі жылы Майтүбек, Қаратерек, Амангелді Иманов атындағы мектептерінде күрделі жөндеу жоспарланған. 

Ал келесі жылы Баскөл ауылдық округінде 1,3 миллиард теңге қаражатына сегіз жоба іске асырылады. Атап айтқанда, Баскөл ауылының сегіз кентішілік жолын, А. Иманов атындағы орта білім беру мектебін, мәдениет үйін, жөндеу және көшелерді жарықтандыру, Бозша, Жаңатілек ауылдарына кірме жолды орташа жөндеу жоспарлануда. 

Асайын Байханов аудан әкіміне мемлекеттік сатып алуды уақытылы жариялап, жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, биыл Май ауданында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 35 пәтер сатып алынды. Асайын Байхановқа халықпен кездесулердің бірінде Көктөбе ауылында бассейн салу туралы ұсыныс түскен болатын. Аймақ басшысы бұл ұсынысты қолдап, облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарына 289 миллион теңге бөлінеді.

Май ауданында 22 ауылдық елді мекеннің сегізінде ұялы байланыс пен интернет желісінің сапасы өте нашар. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында келесі жылы талшықты оптикалық байланыс желісі салу көзделуде. Бұл шара – халқы аз ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады. Бұдан басқа, республикалық және облыстық маңызы бар автожол бойында – 12, оның ішінде Бозша ауылының маңында бір байланыс станциясы орнатылады.