Павлодарлық қоғам өкілі: Ұлттық құрылтай ел болашағына қатысты маңызды бағдарларды айқындады

Павлодарлық қоғам өкілі: Ұлттық құрылтай ел болашағына қатысты маңызды бағдарларды айқындады
Фото: Ақорда

Бүгін өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі ел дамуының алдағы бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат ретінде бағаланды. Бұл жөнінде Павлодар облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Еркеғали Жанғазы пікір білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Президент өз сөзінде саяси жүйені жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстарды ортаға салды.

– Ұлттық құрылтайда бір палаталы парламент құру, вице-президент институтын енгізу, Ұлттық кеңестің Халық ассамблеясымен бірігіп, заң ұсыну құзыретіне ие органға айналуы секілді маңызды бастамалар айтылды. Бұл – ел болашағына арналған нақты қадамдар, – деді ол.

Сонымен қатар, спикер Президенттің қарапайым азаматтың тағдырына да бейжай қарамайтынын атап өтті. Мемлекет басшысының Шымкентте қаза тапқан қыздың ісіне жеке тоқталуы құқық қорғау органдарының жұмысына әділ баға берілетінін көрсетеді.

– Президент ірі геосаяси мәселелермен қатар әрбір азаматтың өмірі маңызды екенін нақты көрсетті. Бұл – мемлекет басшысының назарынан бірде-бір адам тыс қалмайтынын білдіреді, – деп атап өтті Еркеғали Жанғазы.

Сондай-ақ, құрылтайда журналистердің рөліне ерекше мән берілгені айтылды. Ақпараттың ашықтығы мен қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуде журналистиканың орны айрықша екені атап өтілді.

Спикер Президенттің патриотизм, ұлттық құндылықтар мен отбасы институтына қатысты айтқан ойларын ерекше қолдайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мемлекеттің беріктігі әр отбасындағы жауапкершіліктен басталады.