«Таза Қазақстан»: Павлодарлықтар белсенділік танытты

«Таза Қазақстан»: Павлодарлықтар белсенділік танытты
фото: автор

Облыс орталығында тазалық және көгалдандыру шаралары қызу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ауқымды акция аясында көктемгі абаттандыру жұмыстары облыс орталығының түкпір-түкпірінде жалғасын табуда. Аялдамалар, бағдаршамдар, қоғамдық орындардағы орындықтар қалыпқа келтіріліп, жол белгілері жаңартылып жатыр.

Павлодар қаласы әкімдігінің өкілі Данияр Жұмаділовтің айтуынша, сенбіліктерге тек мемлекеттік мекеме қызметкерлері ғана емес, қала тұрғындары да белсенді қатысуда.

– Облыс орталығында өткізілген сенбіліктер барысында жеті мың шаршы метрден астам аумақ қоқыстан тазартылды, 12 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Қала әкімдігі павлодарлықтардың қоқыс шығару бойынша өтініштерін назардан тыс қалдырмай, қалдықтарды полигонға тегін шығару жұмыстарын ұйымдастырды, – деді Данияр Жұмаділов.

Көгалдандыру жұмыстары шеңберінде 20 мыңнан астам ағаш және 35 мың гүл отырғызу жоспарлануда. Сондай-ақ, Павлодардың жасыл қоры қайта жаңартылуда. Апатты жағдайдағы ағаштар ауыстырылды. Осындай жұмыстар Торайғыров және Бектұров көшелерінде жалғасуда.  

Айта кетейік, жасыл желекті қайта құру жобасы наурыз айынан бері қолға алынған. Қазірдің өзінде 360 іріжапырақты жөке ағашы отырғызылды. Сонымен қатар, ескі ағаштар кесіліп, топырақ ауыстырылды.  

Санитарлық жұмыстардың нәтижесінде 17 саябақ пен сквердің аумағы ретке келтірілді.

Әкімдік өкілдері абаттандыру жұмыстарының қарқынды жүруіне қарамастан, тазалық және абаттандыру ережелерін сақтамау фактілері анықталып жатқанын мәлімдеді. Биылғы жылдың басынан бері 500-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 550 хаттама толтырылды.

Келесі жалпы қалалық сенбілік 26 сәуірде өтеді.