Павлодарлық ұстаз Президент қолынан «Шапағат» медалін алды

Павлодарлық ұстаз Президент қолынан «Шапағат» медалін алды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оның шәкірттері халықаралық және республикалық олимпиадаларда жүлде алып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы білім беру басқармасының мәліметінше, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының биология пәні мұғалімі Олжас Әмзеев «Шапағат» медалімен марапатталды. Награданы ұстазға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.

Олжас Әмзеевтің шәкірттері соңғы жылдары республикалық және халықаралық білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биыл IBO халықаралық биология олимпиадасында оның шәкірті Ерсұлтан Қайыркен күміс медаль иеленді.

OIBO халықаралық олимпиадасында Ерсұлтан Қайыркен алтын, Нұрали Билялов күміс жүлдеге қол жеткізді. «Қазақстан Білім Олимпиадасында» Алимұхаммед Саматұлы, Ерсұлтан Қайыркен, Аңсар Ғабдулжағыпар және Нұрали Билялов алтын медаль жеңіп алса, Ағанияз Жұмасіл мен Ансар Сакенов қола жүлдеге ие болды.

Ал «Brain Bee» нейробиология олимпиадасында Алимұхаммед Саматұлы мен Ағанияз Жұмасіл алтын, Тимур Рахимжанов күміс медаль жеңіп алды.

Жалпы Мемлекет басшысының Жарлығымен халықаралық жарыстарда топ жарған шәкірттерді даярлаған он педагог мемлекеттік наградамен марапатталды. Екі ұстаз «Құрмет» орденіне, төртеуі «Ерен еңбегі үшін», тағы төртеуі «Шапағат» медаліне ие болды.