Павлодарлық 12 жастағы әнші сексенге жуық адам қатысқан өнер додасында топ жарды
Елордада Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен XXII «ASTANA MEREY» халықаралық орындаушылар байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өнер додасына еліміздің әр өңірінен және өзге мемлекеттерден келген жас орындаушылар қатысып, түрлі музыкалық бағыт бойынша бақ сынады. Солардың арасында Павлодар облысының намысын қорғаған 12 жастағы Ақнұр Айтбай да болды.
Жас өнерпаз дәстүрлі ән бағыты бойынша өнер көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бұл санатта 80-ге жуық жас орындаушы бақ сынаған. Осындай үлкен бәсекеде екінші орынға қол жеткізу – Ақнұр үшін ғана емес, оны тәрбиелеп жүрген ұстаздары мен туған-туыстары үшін де зор қуаныш.

Ақнұр – Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыкалық мектебінің тәрбиеленушісі, «Майра» дәстүрлі ән мектебінің шәкірті. Сонымен қатар, Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның 7-сыныбында оқиды.
Оның музыкаға деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталған. Анасы Ризагүл Саденованың айтуынша, отбасында домбыра үні жиі естіліп, ата-анасының өнерге жақындығы баланың да бойындағы қабілетті оятқан. Ақнұр бес жасынан бастап домбыраға қызығып, алғашында үйде өз бетінше әуестене бастаған. Кейін Құрманғазы атындағы балалар музыкалық мектебіне оқуға түсіп, арнайы білім ала бастайды.
– Бастапқыда домбырамен айналысты. Музыкалық мектепке қабылданғаннан кейін ұстазы оның дәстүрлі әнге икемі бар екенін байқап, осы бағытта дайындай бастады. Кейін сырнай аспабын үйренуге де ұсыныс жасалды. Біз, әрине, қуана келістік. Содан бері екі жылдай уақыт өтті. Қазір домбыра мен сырнайда ойнайды. Гитараға да қызығады. Өзіне ұнайтын әндерді түрлі аспаппен орындап, эстрадалық әндерді де жақсы көреді, – дейді анасы.

Жас әншінің сахнадағы тәжірибесі де аз емес. Бұған дейін республикалық деңгейдегі өнер додаларында бақ сынап, жүлделі орындарға ие болған. Былтыр Павлодар облысында алғаш рет ұйымдастырылған «Сөз бен саз» республикалық дәстүрлі ән байқауында да өнер көрсетті.
Жас өнерпаздың бойындағы дарынын шыңдап, үлкен сахнаға дайындауда ұстазының еңбегі ерекше. Ақнұрдың жетекшісі – Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Шаңырақ» шығармашылық орталығының дәстүрлі әншісі Салтанат Қисатова. Ұстазы шәкіртінің табиғи қабілетін байқап, оны дәстүрлі ән өнерінің қыр-сырын меңгеруге баулып келеді.