Павлодарлық биологтар ауыл мектебі жанынан виртуалды зертхана енгізуде
Жоба аясында Павлодар ауданының Мичурино ауылындағы орта мектептің тәжірибелік алаңында бірлескен жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖОО профессорлары Бибігүл Жұмабекова мен Шолпан Хамзина Тайландтың Бангкок қаласында өткен Білім және даму жөніндегі халықаралық ғылыми конференцияға (Education and Development Conference) қатысты. Ғылыми форумға АҚШ, Таиланд, Индонезия, Жапония, Швеция, Гонконг, Филиппин, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайвань, Вьетнам, т.б. елдердің ғалымдары жиналды.
Марғұлан университетінің биологтары ауыл мектебінде оқушылардың жаратылыстану сауаттылығын қалыптастыруға арналған виртуалды зертхана мен мектеп маңындағы оқу-тәжірибе учаскесін пайдалану бойынша әдістемелік әзірлеме ұсынды. Жоба бойынша жұмыс барысында университет оқытушылары биология мұғалімдеріне мектеп алаңында жұмыс жүргізу бойынша оқыту бағдарламаларын әзірледі.
Жоба аясында педагог-зерттеуші, химия-биология пәнінің мұғалімі Көкенай Селикановамен Павлодар ауданының Мичурино ауылындағы орта мектептің тәжірибелік алаңында бірлескен жұмыс жүргізілді.
– Біз 7-сынып оқушылары арасында мектеп маңындағы жұмысқа виртуалды зертханаларды енгізіп жатырмыз. Оқушылардың білім, білік және дағдыларының алдын ала бақылауы сабақта цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігін көрсетті. Осылайша, ауыл мектептерінде құрал-жабдықтар, реактивтер, зерттеу жүргізуге мүмкіндігі жоқ зертханалық базаның жоқтығы еңсеріліп, виртуалды зертхана мұндай жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді Бибігүл Жұмабекова.
Профессор Бибігүл Жұмабекова конференцияға қатысушылардың назарына «Қазақстандағы виртуалды зертханалар: қазіргі жағдайы, салыстырмалы талдауы, проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Профессор Шолпан Хамзина «Оқу-эксперименттік алаң және оның оқушылардың биологиялық білімін дамытудағы рөлі» атты баяндама оқыды. Жұмыс Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру «Ауыл мектептеріндегі оқушылардың биология пәнінен пәндік құзыреттілігін дамыту құралы ретінде виртуалды зертхана және мектеп маңындағы оқу-тәжірибелік учаскесін қолдану» атты ғылыми жобасы аясында жүргізіледі.
Ғалымдардың айтуынша, ауыл мектептеріндегі оқушылар көбінесе цифрлық инновациялар мен модернизациядан алшақтап қалады, ал ауылдағы пән мұғалімінің біліктілігін арттыру қалалық мұғалімдерге қарағанда көбірек қаражат пен уақытты қажет етеді. Сонымен қатар, ауыл мектептері қала мектептерінен айырмашылығы өсімдіктермен, жануарлармен, топырақпен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын дамытуда артықшылықтарға ие және биологиядан практикалық жұмыстар үшін оқу және тәжірибелік алаңдарды пайдалану мүмкіндігі мол.
Айта кетерлігі, білім және даму жөніндегі жыл сайынғы Education and Development Conference ғалымдар, зерттеушілер, кәсіпқойлар, әкімшілер, білім беру көшбасшылары, саясаткерлер мен сала өкілдері үшін форум, пікірталас алаңы болып табылады.