Павлодарлық дәрігерлер зейнеткердің аяғын ампутациядан аман алып қалды
Науқастың жамбасынан терісін алып, жіліншікке трансплантация жасалмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық №1 ауруханасына Железин ауданынан аяғына ота жасау үшін ауыл тұрғыны жеткізілді. «Жарақаттан кейінгі флегмона» диагнозы қойылған 77 жастағы науқас аяғынан айырылып қала жаздаған.
Любовь Солнцева жолға шығу үшін көлікке отырып жатқан кезде аяғын орындыққа соғып алғаннан кейін кішкентай гематома пайда болған. Облыстық ауруханаға жүгінгенде оған лангет салған, бірақ аяғы күн сайын ісе бастаған.
– Менің аяғым ісіп, қарайып кеткен болатын. Мамырдың аяғынан шілденің басына дейін ауруханада жаттым. Аяғыма ота жасап, №1 Павлодар қалалық ауруханасына тері трансплантациясын жасау үшін әкелді, – деді науқас.
Дәрігер-комбустиолог Асхат Мүрсәлімовтың айтуынша, гематоманың ұлғаюына және іріңдеуіне науқастың қанды сұйылтатын дәрі қабылдауы себеп болған. Сондықтан микроциркуляцияның бұзылуына байланысты флегмона пайда болған.
– Науқасқа Железинде ота жасап, бізге аутодермапластикаға жіберетін болды. Бірінші отаны әйелдің сол жақ жамбасының терісін алу арқылы жасадық, өйткені ол көбінесе оң жағымен ұйықтайды. Екінші операцияға дайындалып жатырмыз. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жаман емес, – деп баға берді дәрігер.
Бұған қоса, дәрігер науқасқа лицензиясы бар дәріні қолданатыны туралы атап өтті. Бұл препарат отадан кейін науқастың аяғын таңу кезінде және жараның жазылу кезеңінде ауырсынуды сезінбеуі үшін қолданылады.
– Қан тамырлары аурулары бар адамдарда гематома дамымағаны дұрыс, өйткені ол көбінесе трофикалық жараға, содан кейін тері тінінің қатерлі ісігіне айналады, – деді Асхат Мүрсәлімов.
№1 Павлодар қалалық ауруханасы – барлық науқастарға шұғыл және жоспарлы оталарды жасайтын өңірдегі жалғыз аурухана. Бүгінде хирургиялық араласуларға қызыл түсті фибробласттаринновациялық технологиялары белсенді қолданылуда. Биыл осындай әдістер арқылы алты науқасқа ота жасалды. Мұндай оталардың бағасы міндетті медициналық сақтандырусыз шамамен 1,5 миллион теңгеге шығады. Ал Павлодар облысында барлық оталар МӘМС бағдарламасы бойынша тегін жасалады.