Павлодарлық кәсіпкерлерді мемлекет жаңа бағдарламалар арқылы қалай қолдайды?

Мемлекет тәуекелдердің бір бөлігін өз мойнына алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Әрсен Дүйсекиннің айтуынша, мұндай шаралар Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, бизнестің қаржылық ресурстарға қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр.
– «Өрлеу» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелер беріледі. Кәсіпкерлер инвестицияларға, айналым қаражатын толықтыруға немесе 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейін алынған бұрынғы несиелерді қайта қаржыландыруға қаржы ала алады, – деді спикер.
Несие бойынша ең жоғары сома – инвестициялар үшін 7 миллиард теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыру үшін – 3,5 миллиард теңгеге дейін. Несие мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайды. Бұл – орташа мөлшерлеме. Несиенің мерзімі инвестициялар үшін – 10 жылға дейін, ал айналым қаражатына – үш жылға дейін.
Сонымен қатар, «Кепілдік қоры-1» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлердің несиелеріне, әсіресе мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда кепілдік беру.
– Біз оның несиесіне кепіл бола аламыз. Егер қаражатты жеткіліксіз болса, 85%-ға дейін кепіл бола аламыз. Қалған 15%-ды кәсіпкер жылжымалы, жылжымайтын мүлік немесе ақшалай кепіл түрінде қамтамасыз етеді, — деп түсіндірді қор филиалының директоры. — Кәсіпкер кепілдік сомасынан жылына 1,5% мөлшерінде комиссия төлейді және тек несие сомасын өтейді.
Егер мерзімін өткізіп алса, «Даму» қоры келісімшарт негізінде банкке кепіл ретінде төлем жасайды.
Спикер жаңа бағдарламаның басты артықшылығы кепілдік деңгейінің жоғары болуы 85%-ға дейін екенін атап өтті. Бұрын мұндай қолдау тек жаңа бастаған кәсіпкерлерге, әрі 360 миллион теңгеге дейінгі несиелерге ғана берілетін.
Қазір мұндай кепілдікті неғұрлым кең ауқымды бизнес өкілдері де пайдалана алады, несие сомасы – 7 миллиард теңгеге дейін. Осылайша мемлекет тіпті кепіл ақшасы жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін де несие алып, өндірісті дамытуға мүмкіндік жасап отыр.