Павлодарлық көпбалалы отбасыларға салықтық жеңілдіктер беріледі

Павлодарлық көпбалалы отбасыларға салықтық жеңілдіктер беріледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа өзгеріс аясында айтарлықтай қолдау шаралары қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Учет» порталының мәліметінше, 2025 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда бұрын тоқтатылған Салық кодексінің 8-бөлімі «Жеке табыс салығы» күшіне енді. Аталған бөлімнің 347-бабында көпбалалы отбасылар үшін салықтық шегерім қарастырылған.

– Көпбалалы отбасыға арналған салықтық шегерім ата-ананың екеуіне бірге 282 АЕК-тен аспайтын мөлшерде қолданылады, бұл 2025 жылы 1 108 824 теңгені құрайды. Ол күнтізбелік жыл бойынша келесі тәртіптердің бірінде есептеледі: 1) көпбалалы отбасының бір ата-анасына айына 23 АЕК – 2025 жылы бұл 90 436 теңге; 2) көпбалалы отбасының әр ата-анасына айына 12 АЕК – бұл 2025 жылы 47 184 теңге, – делінген портал жарияланымында.

Аталған салықтық шегерім физикалық тұлғаның күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына төрт немесе одан көп кәмелетке толмаған баласы болған жағдайда қолданылады. Бұл балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерімен расталуы тиіс. Бұл отбасының табысынан ай сайын шамамен 90 000 теңгені (жылына 1 109 000 теңге) қосымша салық салудан босатуға мүмкіндік береді.