Павлодарлық колледждерге түсу жолы цифрландырылды

Павлодарлық колледждерге түсу жолы цифрландырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Талапкерлер «Egov» порталы арқылы құжат тапсырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

25 маусымынан бастап облыстың 42 колледжінде абитуренттерді қабылдау науқаны басталды. Бүгінгі таңда өз болашақ мамандығын таңдап жүрген 9-сынып түлектерінің саны 11 472 оқушыны құрайды.

– Талапкерлерімізге 9 және 11 -сыныптар базасында білікті жұмысшы кадрлар, орта буын мамандары және қолданбалы бакалаврлар бөлінісінде 71 мамандық бойынша таңдау мүмкіндігі берілді, – деді облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асайымова.

Білім алушылардың тегін оқуға өтініштерін қабылдау келесі кезеңдерге бөлінген: 9 -сынып түлектері үшін 25 маусымнан 18 тамызға, ал 11- сынып түлектері үшін 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады. Биыл колледждерге құжат тапсыру бойынша жаңашылдықтар енгізілді. 

– Талапкерлерден тегін оқуға өтініштерді қабылдау Egov.kz «Электрондық үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылады. Ақылы негізде оқу үшін талапкерлер облыс колледждеріне жүгініп, құжаттарды қағаз түрінде де тапсыра алады. Аттестат, анықтамалар және басқа да құжаттар Ұлттық білім беру дерекқорының ақпараттық жүйесінде көрсетіледі,– деді Қарлығаш Асайымова.

«Egov» порталында өтініш берген кезде талапкер кәмелетке толмаған жағдайда ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы міндетті. Әр үміткер төрт мамандық пен төрт колледжді таңдай алады.

– Жұмысшы мамандықтарға түсуші талапкерлер әңгімелесуден өтеді, ал орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандықтарына түсушілер мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға арналған конкурсқа қатысады, – деп атап өтті ол.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқытуға арналған конкурс Ұлттық білім беру дерекқорының ақпараттық жүйесімен жүзеге асырылады. Конкурс білім туралы аттестаттың орташа конкурстық балы бойынша өткізіледі. Талапкерлерді автоматты түрде реттейді және колледждерде тегін оқуға арналған бюджеттік орындардың иелерін анықтайды.

– Egov.kz жеке кабинеті арқылы өтініш жіберу барлық құжаттарды байланыстыруға мүмкіндік береді. Яғни бұл жұмыспен жергілікті атқарушы орган, колледж емес, цифрлық база тікелей айналысады. Бұл ретте қабылдау комиссиясы жұмысын әдеттегідей жалғастырады. Хатшылар құжаттарды қабылдаудан бөлек, талапкерлерге оқу орны туралы айтып, экскурсия жүргізуі керек, – деді Қарлығаш Асайымова.

Бүгінгі таңда мемлекет тегін оқитын студенттерді толығымен қамтамасыз етеді. Колледжге түсу мәселесі бойынша барлық қажетті ақпаратты 32-19-40 нөмірі бойынша алуға болады. Барлық 42 колледжде қабылдау науқанына жауапты адамдар бекітілді.