Ертіс өңірінде Майра Шамсутдинованың 135 жылдығы қалай аталып өтеді?

Ертіс өңірінде Майра Шамсутдинованың 135 жылдығы қалай аталып өтеді?
Фото: Валерий Бугаев

Халық әншісінің мерейтойына орай өңірде облыстық іс-шаралар жоспары дайындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту жане архив ici басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасовтың айтуынша, композитор Майра Шамсутдинованың 135 жылдығына орай өңірдің мәдениет мекемелерінде атақты жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар легі басталып кеткен.

Жocпapғa музыкалық, сазды кештер, тақырыптық дәрістер, ақпараттық, музыкалық сағаттар, көрмелер және тағы басқа көптеген іс-шаралар бар, – дейді Саяуыш Сәдуақасов.

Атап айтқанда, Майра Шамсутдинова атындағы ән өнері музей-үйі Алматы қаласының Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайында Ертіс өңірінің сүйікті әншісі, композитор Майра Уәлиқызының туғанына 135 жыл толуына орай «Майра жүрген іздермен» атты жылжымалы көрме  ұйымдастырады. Екібастұз, Ақсу, Баянауыл, Ақтоғай елдімекендерінің мектептерінде Майраның өмірі мен шығармашылығына арналған лекция-концерт және көрмелер өткізеді. 

Бұдан бөлек, Ресей Федерациясының Алтай, Барнауыл, Куатовка елді мекендеріне «Майра жүрген іздермен» атты экспедицияға бару жоспарланып отыр, – дейді Саяуыш Сәдуақасов.

М. Шамсутдинова атындағы ән өнері музей-үйінің басшысы Ерлан Рахимов облыстық «Ертіс» телеарнасында «Әлқисса» әдеби-музыкалық телебағдарламасын жүргізеді. Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының артисі Гүлжан Қайырбекова, композитор Асылбек Әбдікәрімовтің қатысуымен бірнеше бағдарлама түсіріледі.

Тереңкөл ауданында маусым айында Майра Шамсутдинованың 135 жылдығына арналған «Күміс көмей» атты облыстық фольклорлық ансамбльдер байқауы өтеді.

Халық әншісі 1896 жылы 6 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген. Жасынан гармон тартып, ән салған. Ертіс, Баянауыл, Семей аймағындағы жәрмеңке, той-думандарда өнер көрсетіп, есімі елге жайылған. 1926 жылы әйгілі этнограф-музыкант А.В. Затаевичпен кездесіп, өзінің орындауындағы жеке әндері мен 13 халық әнін жазған.

2018 жылы Усолка шағын ауданында ұлттық музыка өнерінің көрнекті өкілі, белгілі композитор Майра Шамсутдинованың мүсіні қойылды. Қолында сырнай аспабын ұстаған мүсін таза қоладан құйылған. Ескерткіштің биіктігі - 3,5 метр, салмағы - 270 кг. Туындының авторы - белгілі мүсінші Азат Баярлин. Ал жобаға тапсырыс берген - Павлодардың құрметті азаматы Қуат Есімханов.

Еске сала кетейік, Майра Шамсутдинова атындағы ән өнері музей-үйінде Ертіс ауданының тумасы, суырыпсалма ақын Құдайберген Әлсейітовке тиесілі жүз жылдық бүктемелі домбыра сақтаулы.