Павлодарлық маман қалаусыз жүктіліктің алдын алу жолдарын түсіндірді

Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері контрацепция әдістерін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда контрацепция тақырыбы тек әйелдерді ғана емес, ер адамдарды да алаңдатады. Павлодар перинаталдық орталығының жоғары қауіп тобы дәрігері, Қазақстанның Жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы филиалының президенті Гүлнар Хамитова осы мәселе жөнінде ой бөлісті.
Маманның айтуынша, қазіргі контрацепция әдістері алуан түрлі. Ең кең тарағаны – гормоналды тәсілдер: ауыз арқылы қабылданатын таблеткалар, пластырьлер, инъекциялар, импланттар және гормонды жатырішілік жүйелер.
Бұған қоса, барьерлік әдістер – ерлер мен әйелдерге арналған презервативтер, қақпақшалар, диафрагмалар қолданылады. Танымал әдістердің бірі – жатырішілік спираль. Сондай-ақ хирургиялық стерилизация және шұғыл контрацепция да бар.
- Ең тиімді контрацепция әдісі – әйелдің өзі таңдаған әдіс. Мұнда жеке ыңғай маңызды. Жас ерекшелігі, жүктілік жоспарлары, денсаулық жағдайы ескеріледі, – дейді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, кейбір жағдайларда қарсы көрсеткіштер болады. Мысалы, тромбозы бар әйелдерге, ауыр бауыр ауруларында немесе мигрень кезінде гормоналды таблеткалар қолдануға болмайды. Егер әйелге күн сайын дәрі қабылдау қолайсыз болса, апта сайын жапсырылатын гормоналды пластырьлерді пайдалануға болады.
- Қауіпсіздік тұрғысынан қазіргі препараттар бұрынғыдан анағұрлым жетілдірілген. Бұрын төмен дозалы дәрілер қолданылса, қазір микродозалы түрлері бар. Олардың тиімділігі – 99%-ға дейін. Біз әрқашан ең төменгі дозадан бастаймыз, науқастың жағдайын жан-жақты тексереміз, – деп түсіндірді Гүлнар Хамитова.
Оның айтуынша, гормоналды контрацепцияға қатысты мифтер көп.
- Әйел міндетті түрде салмақ қосады немесе ұзақ қолданғаннан кейін бала көтере алмайды деген қате түсінік бар. Бұл дұрыс емес. Әйелдер ондаған жыл бойы қабылдап, кейін еш кедергісіз ана болып жүр, – дейді маман.
Ғылым да дамып келеді. Соңғы жылдары жанама әсері аз микродозалы дәрілер шықты, тұрмысы жеңілдетілген жатырішілік жүйелер пайда болды, алдағы уақытта бір жылға арналған қынаптық сақиналар қолжетімді болуы мүмкін. Ер адамдарға арналған контрацепция саласында да ізденістер жүріп жатыр. Мәселен, сперматогенезді уақытша тоқтататын теріге жағатын гель әзірленуде.
Осылайша, контрацепция таңдау бүгінде шектеулі мүмкіндік емес, дұрыс кеңес пен жеке тәсіл мәселесі. Дәрігерлер әйелдерге кеңесті тек интернеттен немесе таныстардан емес, гинекологтан алуға кеңес береді. Бұл өз денсаулығы мен болашағына ең дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.