Павлодар облысының омбудсмені Тереңкөлдегі ерекше балалармен кездесті

Павлодар облысының омбудсмені Тереңкөлдегі ерекше балалармен кездесті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Орталықта 87 бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 64-і – ішкі, 23-і –  сыртқы камералар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерінің бейнежолдауы бойынша өңірлік балалар уәкілі Сәуле Шәкенева мекемеде тұрып жатқан барлық жасөспірімдермен кездестім. 

Орталықта 7 жастан 17 жасқа дейінгі 46 ұл мен қыз бар, олардың үшеуі – жетім балалар, қалған балалардың ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған немесе шектелген. Олар осы мемлекеттік мекемеде тұрып, білім алуда.

– Мен келген кезде 41 бала болды, ал 5 бала облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарда ем қабылдап жатыр. Олар диагноздарына және жас ерекшеліктеріне сай терапиялық ем алып жатыр. Кейбіреулерінде тұқым қуалайтын психикалық ауытқулар байқалады, – деп жазды бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкенева жеке парақшасында.

Балалардың қамқоршысы – орталық басшысы Ирина Сёмкинаның педагогикалық еңбек өтілі 34 жыл, оның ішінде 12 жылдан бері осы орталықта жұмыс істеп келеді, 2019 жылдан бастап басшылық қызметте.

– Заңды өкілінің рұқсатымен және балалардың өз қалауы бойынша мен «таза парақ» қағидаты негізінде анонимді сауалнама жүргіздім. Балалар ересектерсіз ақ параққа өздерін алаңдататын, мазалайтын жайттарды және нені өзгерткісі келетіндерін еркін жазды, – деді Сәуле Шәкенева.

Сондай-ақ, ол бейнежолдаудың авторларымен жеке сөйлесті.

– Тәрбиешінің әрекетінен зардап шеккен баламен де кездестім. Қазіргі уақытта бұл тәрбиешімен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылып, қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімдер көтерген мәселелер шешіліп жатыр. Мен оларға қауіпсіздіктің бәрінен жоғары екенін, сондай-ақ салауатты өмір салтының маңыздылығын түсіндірдім. Сол себепті олардың кейбір өтініштері осы қағидаттарға қайшы келгендіктен, қандай жағдай болмасын орындалмайтынын ашық айттым. Балалар бұл шешімге түсіністікпен қарады, – деді бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі.

Көп балалардың өз ұялы телефондары бар, көбі түрлі әлеуметтік желілерде жеке парақшаларын жүргізеді. Орталық педагогтары олардың контентіне цензура қоймайды. Сондай-ақ корпустарда «111» қысқа нөміріне QR-кодтар орналастырылған.

Омбудсмен балаларға кез келген уақытта өздерін толғандырған сұрақтар бойынша оған жүгіне алатындарын тағы да еске салды.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде білім беру қажеттіліктері ерекше балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері видеоүндеу жариялады. Қызметтік тексеру нәтижесінде оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары оқу-тәрбие процесін бақылау бойынша лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жазаға тартылып, сөгіс жарияланды.