Павлодарлық металлургтер кәсіби мерекелерін жарқын тойлады

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова зауыт жұмысшыларына ерен еңбектері үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік кеш Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. Құттықтау сөздер айтылып, жылы лебіздер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова металлургтердің облыстың және бүкіл Қазақстанның экономикасына қосқан үлесі орасан зор екеніне тоқталды.
– Бүгінде Павлодар алюминий зауыты мен Қазақстан электролиз зауыты отандық өнеркәсіптің флагмандары ғана емес, сонымен қатар технологиялық процесті автоматтандыру мен инновацияларды енгізудің жарқын үлгілері болып табылады. Кәсіпорындарда сегіз мыңнан астам адам еңбек етеді, әр қызметкердің артында отбасы, қамқорлық пен үміт бар. Сала майталмандарына іргесін берік ұстанып, кәсіби мамандардың тұтас бір буынын тәрбиелеп, еңбек ерлігінің үлгісі болып келе жатқан тұлғаларға ерекше алғыс айтамын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айгүл Мәлікова металлургтердің тынымсыз еңбегі мен жоғары кәсіпқойлығы үшін, сондай-ақ экономика мен әлеуметтік тұрақтылықты дамытуға қосқан орасан зор үлесі үшін алғыс айтып, жаңа жетістіктер мен бейбіт аспан тіледі. Айрықша алғыс ретінде ол ерекше көзге түскен зауыт жұмысшыларын облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
«Мамандыққа адалдығы үшін» төсбелгісімен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ отқа төзімділік бөлімінің маманы Жасылбек Тәкіров марапатталды. Зауыт жұмысшысы кәсіпорын ашылғаннан бері 2007 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Күнделікті жұмысымыз – жөндеу жасау. Жұмыс маған ұнайды, ұжымда сыйлайды. Зауыт ашылғанда осы жерде жұмыс істегім келді. Соның арқасында балаларымыз бен отбасымды асырап келемін. Бәрі өсіп-жетілді. Зауыт басшылығына рахмет осындай сыйлап, құрметтеп жатқанына.
Металлург әріптестеріне зор денсаулық, үйлеріне амандық, жұмыстарына табыс тіледі. Дәл осындай жылы лебіздер Алюминий дивизионының бас операциялық директоры, «Қазақстан алюминийі» АҚ бас директоры Владимир Красноярскийдің де аузынан естілді.
– Металлургтердің жұмысы өте қиын, қай жерде жұмыс істесең де маңызды емес: шахтада, зауытта немесе компьютерде. Біздің компания тек өзі үшін ғана емес, қоғам үшін де жұмыс істейді. Біз медицина, білім саласына жауаптымыз, экология саласына жауаптымыз. Біздің барлық қызметіміз халқымыздың, онымен бірге бүкіл Қазақстанның гүлденуіне бағытталған, – деді Владимир Красноярский.
Өндіріс қызметкерлерін «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» салалық тау-кен металлургия кәсіподағы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Раушан Даумова да құттықтады. Ол Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары» жылындағы мерекенің салтанатты екенін ерекше атап өтті.
Металлургтердің құрметіне арналған мереке соңында қазақ эстрадасының жұлдызы Қазыбек Құрайыш отты кәсіп иелеріне өз әндерін тарту етті.
Жарнамалық материал