Павлодарлық немістер мерейтой тойлауға кірісті

Мерекелік жыл «Неміс үйінде» Яков Герингті еске алуға арналған жиынмен ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Яков Геринг – Грузияға көшіп келген швабиялық неміс ұрпағы Герман Герингтің ұлы. Кейін отбасы Қазақстанға жер аударылып, әкесінің аты Люфтваффе Рейхсмаршалына ұқсас болғандықтан ғана он жыл түрмеде отыруға мәжбүр болды.
1959 жылы ол Успен ауданындағы «Қазақ КСР-інің 30 жылдығы» колхозының төрағасы болып тағайындалды. Осы кезден бастап аты аңызға айналған колхоздың алтын дәуірі басталды. Оның даңқы Одақ көлемінде дүркіреді: шаруашылық агроөнеркәсіп пен әлеуметтік салада үлкен жетістіктерге жетті. 1984 жылы Яков Геринг Мәскеуде кенеттен қайтыс болды.
«Возрождение» павлодарлық неміс қоғамының төрағасы Вячеслав Руф атап өткендей, Яков Германовичтің тұлғасы Ертіс өңірінің немістері үшін ерекше маңызға ие және қоғамның 35 жылдығына арналған жыл Яков Геринг пен «Қазақ КСР-інің 30 жылдығы» колхозына арналған конференциядан басталуы кездейсоқ емес.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау ZOOM арқылы колхоздың жетістіктерін еске алып, облыстық ұйымның игі істерін атап өтсе, Яков Германовичтің ұлы Эвальд Геринг әкесінің адами қасиеттеріне тоқталды.
– Әкем өте іскер болғанмен, балаларына көп көңіл бөлетін, бізбен әңгімелесуге үнемі уақыт табатын. Мен онымен бірге егістік алқаптарда жиі жүрдім, бұл ұмытылмас сәттер болды. Мұның бәрі қалай болатынын көру, адамдармен қарым-қатынас жасау қызықты болды. Қатардағы комбайншылар мен механизаторлардың еңбегін ұдайы мойындап, сөзінде тұруды үйретті, - деді Эвальд Геринг көзіне жас алып.
Павлодарлық немістер туралы «Далекие-близкие» кітабының авторы, жазушы Ғалымбек Жұматов та Яков Геринг туралы естеліктерімен бөлісті. «Құрмет» орденінің иегері өз кітабында «Рукотворный рай» деп аталатын кітап тарауында колхоздың жұмысы мен оның төрағасына тұтас бір тарауды арнап, шаруашылықтың жетістіктері туралы әңгімелейді.
«Возрождение» төрағасының орынбасары Ольга Литневскаяның айтуынша, қоғамның 35 жылдығы аясында облыс көлемінде танымдық кездесулер, концерттер және басқа да шаралар жоспарланған.