Павлодарлық NIS түлектері Қытайдың жетекші университетінің шәкіртақысына ие болады

Павлодарлық NIS түлектері Қытайдың жетекші университетінің шәкіртақысына ие болады
Фото: pixabay

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа серіктестер қатары Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Шэньчжэнь қаласындағы Гонконг Қытай университетімен (CUHK-Shenzhen) толықты.

Ынтымақтастық туралы меморандумға NIS Басқарма Төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов пен CUHK-Shenzhen университетінің академиялық байланыстар кеңсесінің директоры Пол Ке қол қойды. Құжат бакалавриатқа үміткерлерге арналған Халықаралық ашық есік күні аясында рәсімделді.

Павлодарлық NIS баспасөз қызметінде бұл ынтымақтастық зияткерлік мектептердің оқушыларына білім кеңістігін кеңейтіп, жаңа көкжиектерді бағындыруға жол ашатынын атап өтті. Шәкірттер заманауи білім беру әдістерімен танысып, халықаралық академиялық алмасу бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жобаларында тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болады.

Келісім аясында CUHK-Shenzhen университеті NIS түлектеріне екі толық бакалавриат шәкіртақысын тағайындады. Бұл шәкіртақылар «Бизнес-әкімшілендіру (қаржылық инжиниринг)», «Аударма ісі (қытай-ағылшын тілдері)» және Музыка мектебінің мамандықтарынан басқа барлық білім беру бағдарламаларына қолжетімді.

–      CUHK-Shenzhen университетімен орнаған ынтымақтастық NIS-тің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, оқушыларға әлемнің үздік жоғары оқу орындарының біріне түсуге бірегей мүмкіндік береді, – дейді Сабыржан Сәдуақасов.

NIS өкілдері CUHK-Shenzhen университетінің академиялық бағдарламаларымен, студенттерді қолдау жүйесімен, халықаралық алмасу мүмкіндіктерімен және түлектерге арналған мансаптық бағыттарымен танысты.

Сапар барысында цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған қазіргі замандағы білім берудің болашағына қатысты пікірталастарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар CUHK-Shenzhen университетінде білім алып жатқан NIS түлектерімен кездесу өтіп, олар өз оқу тәжірибелерімен бөлісті.