Павлодарлық оқушылар патрульдік полицияның қызметімен танысты
Ашық есік күніне қатысқан балаларға қызметтік иттің шеберлігі көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонында «Кот учёный» балалар білім беру орталығының тәрбиеленушілері үшін ашық есік күні ұйымдастырылды.
Экскурсияны батальон командирінің орынбасары Нұрболат Әлиғожин өткізіп, балаларға патрульдік полицияның негізгі міндеттері мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтып берді.
– Осындай кездесулер балаларға полиция қызметі туралы көбірек білуге ғана емес, сонымен қатар өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Балалардың жастайынан жол қозғалысы қағидаларының маңызын түсініп, оларды күнделікті өмірде сақтауы өте маңызды, – деді полиция майоры Нұрболат Әлиғожин.
Экскурсия барысында оқушылар патрульдік автокөліктердің жабдықталуымен танысып, полиция қызметкерлерінің жұмыс ерекшеліктері туралы білді.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі кинолог пен қызметтік иттің көрсетілім бағдарламасы болды. Төртаяқты көмекші шартты түрде жасырылған тыйым салынған затты тауып, кәсіби дайындығын көрсетті. Балалар кинологқа қызметтік иттердің дайындығы мен жұмысы туралы сұрақтарын қойды.
Кездесу соңында қатысушыларға көшеде және жол бойында қауіпсіз жүру ережелері тағы бір мәрте түсіндірілді.